Дунай өзені тартылып барады

Венгрияның су басқармасының мәліметінше, Будапешт аумағындағы Дунай өзені 8 сантиметрге төмендеген. Мұның зардабын қазір круиз кемелері көріп жатыр. Будапештің солтүстігінде бірнеше кеме қайраңдап қалған. Осыған байланысты экскурсиялық сапарлар тоқтатылып, туризм саласы тығырыққа тірелген. Өзен круиздері экономикалық тұрғыдан Венгрияның кеме қатынасы саласының ең маңызды бөлігінің бірі. Бұл су жолы арқылы жыл сайын 600 мың жолаушыға дейін тасымалданады.

Баспалар Google компаниясын сотқа берді

Авторлар алпауыт технологиялық компанияны Gemini жасанды интеллект моделін оқыту барысында авторлық құқықты бұзды деп айыптады. Тіпті “бұл тарихта бұрын-соңды болмаған ауқымды қылмыстардың бірі” деп атады. Сөздерінше, Google кітап мәтінін ескертусіз көшірген. Арыз берушілер компания осы әрекеті арқылы авторлар мен күллі баспа индустриясына қауіп төндіреді деп есептейді.

Домбыра мен қобызды ұшақ бортында алып жүруге рұқсат берілуі мүмкін

Көлік министрлігі әуе көлігімен жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздеп отыр. Ұсынылып отырған түзетулер арасында музыкалық аспаптарды тасымалдау тәртібіне қатысты тармақтар да бар.

АҚШ Иранға қайта шабуыл жасады

АҚШ әскері 16 шілде күні Ирандағы нысандарға жаңа әуе соққыларын бастады. Бұл туралы елдің Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылдары алтыншы түн қатарынан жалғасып жатыр. CENTCOM өкілдерінің айтуынша, бұл операциялардың негізгі мақсаты – Иранның әскери әлеуетін одан әрі әлсірету.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жетекші компанияларының басшыларымен кездесті

Президент Қытай бизнес өкілдерімен өткен «дөңгелек үстелде» Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, екі ел ынтымақтастығы жаңа «алтын отыз жылдық» кезеңіне аяқ басқанын айтты.