
Ресей Қытайға табиғи газды бұрын-соңды болмаған жеңілдікпен сатпақ. Кремль бюджетіне қатысты жарияланған есеп бойынша, биыл «Газпром» Қытайға газдың мың текше метрін орта есеппен 248 долларға жеткізеді. Ал басқа алыс шетелдік нарықтардағы баға 562 доллар болады. Айырмашылық – 56 пайызға жуық.
Соған қарамастан, Ресейдің Қытайға газ экспорты Еуропа нарығындағы бұрынғы көлемді алмастыра алмай отыр. Былтыр «Сібір күші» құбыры арқылы Қытайға 39 миллиард текше метрден астам газ жеткізілген. Бұл Ресейдің Еуропаға бұрын экспорттаған көлемінің бестен біріне ғана тең. Ал Қытайға жаңа газ құбырын тарту жөніндегі келіссөздер баға мәселесіне тірелген. Бейжің газды барынша арзан алғысы келеді, Мәскеу болса оған келіспей отыр.
Қазақстан үшін бұл жағдайдың екі маңызды салдары бар. Біріншіден, Қытай газ нарығындағы басты сатып алушы ретінде өзіне тиімді баға талап ете алады. Бұл еліміздің Қытайға газ экспорттау шарттарына да ықпал етуі мүмкін. Екіншіден, Ресей мен Түрікменстан газын жеткізетін бағыттарда Қазақстанның транзиттік рөлі сақталады. Демек, Қытай нарығының маңызы артып келеді. Бірақ бұл нарыққа тәуелділік экспорттаушылар үшін баға бәсекесін күшейтеді.
Дереккөз: t.me/atamekenbusiness_qaz


