Қоқыстан тамақ пен киім тауып күнін көрген: 10 жасар қазақстандық баланың анасы ата-ана құқығынан айырылды

Фото: ЖИ
Батыс Қазақстанда 10 жастағы бала мектепке бармай, қоқыстан тамақ пен киім тауып күн көрген. Ол қараусыз қалған үйде ішімдікке салынған анасымен бірге тұрған. Сот анасын ата-ана құқығынан айырды.

Жоғары соттың мәліметінше, бала туған сәтінен бастап қоғамға жат өмір салтын ұстанған. Спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланған анасымен бірге тұрған. Анасы қараусыз қалған үйді бөгде адамдардың тұрақты жиналатын орнына айналдырған. Бала ешқашан мектепке бармаған, оқып-жазуды білмеген. Ал тамағы мен киімін қоқыс үйіндісінен тауып отырған. 

“Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның бастамасымен бала үш ай мерзімге арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына орналастырылған. Одан кейін, 2026 жылы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы және білім басқармасының бұйрығы негізінде бала отбасылық үлгідегі балалар ауылына қамқорлыққа берілген. Анасы осы уақыт ішінде ұлына бір рет те келмеген. Оның тағдырына немқұрайлы қараған. Жауапкер сот отырыстарына шақырылғанына да қарамастан, мұнда да келмеген”, – делінген сот хабарламасында.

Сот талқылауында психолог баланың ауыр психологиялық жарақаты бар екенін жеткізді.

“Оның анасына деген эмоционалдық байланысы толығымен жоғалған. Бала анасынан қатты қорқады. Өйткені оның өзін қайтадан қоқыс үйіндісіне алып кетуінен қауіптенеді. Бала балалар ауылында тұрғанды ұнататынын, себебі мұнда таза төсек және жақсы тамақ бар екенін айтқан”, – делінген сот хабарламасында.

Осы мән-жайларды ескере отырып, сот анасының ата-ана міндеттерін қасақана және ұзақ уақыт бойы орындаудан жалтарғанын, сондай-ақ оның өмір салтын өзгертуге ниеті болмағанын дәлелденген деп таныды. Осылайша сот:

Анасын ата-ана құқығынан айырды. Одан баланы асырауға алимент өндіріліп, олар баланың жеке депозиттік шотына аударылуға тиіс. Баланың құқықтары мен мүдделері қорғалды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Дереккөз: t.me/stankznews

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар