Тендердің тауқыметі

Панфилов мектебінен шу шықты. Бұл жолы мердігер компания мен жеке кәсіпкер арасында дау туындады. Себеп – келісімшарт негізінде басқа сан, ал шын мәнінде мүлде өзге пайыздармен жұмыс жасалуда. Бекітілген ас мәзірінің жартысы ғана төленеді деп арнамызға шағымданған кәсіпкер, мердігер компания өкілдерінен ақшасын толық қайтарып беруін талап етіп отыр.

Тегін медициналық көмек

Қаламызда орналасқан «Нұрболат» өндірістік кооперативі 2014 жылдан бері аудан халқына медициналық көмек көрсетіп келеді. Бастапқыда шағын медорталық боп ашылған кооперативтің бүгінде қос ауданда 10-нан аса бөлімшелері бар. Сарыағаш халқының 37000-нан аса тұрғыны сенім білдіріп тіркелген емханада дәл қазір тіркелу науқаны жүріп жатыр. Толығырақ, Айгерім Айтбаеваның бейнематериалында.

Лицензияланбаған алкоголь

Енді спирт және темекі өнімдері арқылы бөлшек саудамен айналысатын салық төлеушілерге тауарларды таңбалау және қадағалау бойынша қымбат жабдықтарды сатып алудың қажеті жоқ. Тек markirovka.kz сілтемесі бойынша тауарларды таңбалау ақпараттық жүйесінде электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы тіркелу жеткілікті. 2Д сканерлік балама ретінде “Play market”, “Appstore” арқылы “Naqtysauda” тегін мобильді қосымшасын пайдалануға болады. Лицензиясы жоқ алкогольді өнімді сатумен айналысқан азаматтарға ӘҚБ-463 бабы бойынша әкімшілік шара қолданылады.
Авторлар: Айгерім Айтбаева, Ережеп Тұрғынбайұлы

Еңбектің наны…

Дән лақтырсаң, дақыл беретін Сарыағаш ауданы қаншама жылдан бері жылыжай бойынша республикада көш бастап келеді. Бұл – бүгін немесе кеше қол жеткізген нәтиже емес. Облыс әкімінің өткен жылғы ауыл шаруашылығы саласына қатысты тапсырмасы аясында, яғни, бір егістік алқаптан жылына 2-3 өнім алу технологиясы бойынша Жібек жолы ауылдық округінің шаруалары межені 100 пайызға орындап шыққан көрінеді. Аянбай еңбек етіп, облыс басшысы тапсырмасын іске асырған диқандардың бірі – Бекжан Тешебайұлы туралы алдағы сюжетте.
Авторлар: Айгерім Айтбаева, Айдос Дәулет

Топ жарған Ұлбосын

4-6 маусым аралығында Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкентте самбо күресінен Азия чемпионаты өтті. Балуандар белдесуінде Түркістан облысының спортшылары ел қоржынын 3 алтын, 1 күміс, 6 қола медальмен толықтырды. Финалда өзбекстандық балуанды бағындырып, алтыннан алқа таққан жерлесіміз Ұлбосын Адилованы аудан әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов құттықтады. Одан соң жас чемпион мәслихат хатшысы Смайыл Тасқұловтың қабылдауында болды.

Сессия

Жетінші шақырылымдағы Сарыағаш аудандық мәслихатының кезектен тыс 6-ыншы сессия отырысы болып өтті. Күн тәртібі бойынша 2 мәселе қаралды. Атап айтқанда, ауданның әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері, сондай-ақ, әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау бойынша комиссия құрамына аудан әкімдігінің 2021 жылғы 6 мамырдағы №163 қаулысымен енгізілген өзгерістерді бекіту.

Тұрғындардың өтініш-тілектері тыңдалды

Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев ауылдарды аралауды жалғастыруда. Негізгі мақсат – ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа таныстырып, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдау, проблемалардың шешімін қарастыру. Аудан прокуроры Бақыт Сейфолламен бірге Біртілек ауылының билерімен өткен кездесу барысы алдағы материалда.

Көліктер керуені

4 маусым – ҚР мемлекеттік рәміздер күні, Келес ауданында да өз деңгейінде атап өтілді. Аудандық жастар ресурстық орталығы автошеру ұйымдастырды. Дәстүрге айналған көлік керуенінде 30 темір тұлпар жүргізушілері туымызды көкте желбіретті. Осылайша көк байрағымыздың, жалпы, рәміздеріміздің мәртебесін көтеріп, аудан тұрғындарына насихаттады. Символдарымызды құрметтеуге шақырды.

Барлығы балалар үшін

1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні. Аталмыш мейрамға орай, аудандық балалар кітапханасы мүмкіндігі шектеулі балаларға мереке сыйлады. Мәдениет үйінде ұйымдастырылған әдеби кешке аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құралған «Ару аналар» әжелер тобы демеушілік жасады. Толығырақ алдағы сюжетте.

Қайта жанданған қоғамдық қабылдау

Дарбаза ауылындағы жол мәселесі шешімін тауып, тез арада мектепке барар жолға асфальт төселелінетін болды. Жалдамалы пәтер ақысын төлей алмай қарызға кірген көп балалы тұрмысы төмен бірнеше отбасыға бір реттік көмек көрсетіледі. Осы және өзге де мәселелер «Nur Otan» партиясы Сарыағаш аудандық филиалында өткен өңір әкімінің қоғамдық қабылдауында қаралды. Тұрғындар Мұхит Баймұханбетұлына өтініш-тілектерін жеткізіп, проблемаларының оң шешімін табуына ықпал жасауын сұрады. Толығырақ Айгерім Айтбаева тарқатады.