ТАНЫССЫЗ ТАНЫЛҒАН ТАЛАНТ

Жартытөбе ауылдық округінің тұрғыны Нұрхан Нұрланұлы «TikTok» желісінде көпшіліктің ықыласына бөленіп, жас жұлдызға айналып келеді. Дарын иесі синтезаторда ән орындап жатқан сәтін әлеуметтік желіге жүктеген. Бейнежазба көпшіліктің қызығушылығын тудырып, жас өнерпаздың танымалдығын арттыра түсті. Құймақұлақ өнерпаз әлі ноталарды толық меңгермесе де, ерекше тыңдау қабілетінің арқасында кез келген музыкалық шығарманы дәл орындап шығады екен.

«ҚАУІПСІЗ ЖОЛ»

Қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректері мен мал ұрлығының алдын алу мақсатында Жылға ауылында жергілікті полиция қызметкерлері тарапынан рейд ұйымдастырылды. “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық шарасы жайында алдағы сюжетте.

КОНЦЕРТКЕ ШАҚЫРАМЫЗ!

Эстрада жұлдыздары Сарыағашта. Махаббат пен өнерден үйлесім тапқан өнерлі жұптар “Махаббат әлемі” концертінде өнер көрсетеді. 17-қаңтар Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде өтетін іс-шараға махабаттың символына айналған жұптар сіздерді көрермен болуға шақырады.

ҚЫЛМЫСТАН АДА АУЫЛ

10 мыңға жуық тұрғыны бар Қызылжар ауылы облыстық “Үлгілі ауыл” байқауында 1 орынды иеленген болатын. Жүлделі атанған ауылдар арасындағы басты талап – инфрақұрылымы дамыған әрі жергілікті тұрғындардың бірлігі арқасында атқарылған игі істердің көптігі. Бүгінгі таңда таза ауыз сумен 100 пайыз қамтылған Қызылжар округі тағы қандай межені бағындырды?

ҚАУІПСІЗДІК – БАСТЫ НАЗАРДА

“Фараб” 1000 мекемесінің мамандары тұрғын үйлерді аралап, газ құбырларына жоспарлы техникалық тексеру жұмыстарын жүргізді. Мамандар алаяқтарға алданбау үшін тек QR арқылы төлем жасау керектігін ескертті. Үй ішілік газ жабдықтарына қызмет көрсететін мекеме қызметкерлері жылыту маусымында оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында ұйымдастырған профилактикалық шара барысында кем-кетіктер де анықталды.

ТЕМІР ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАЩАН АЯҚТАЛМАҚ?

Мәжілісмен Темір Қырықбаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Сарыағаш ауданына келді. Аманат партиясының мүшесі бірқатар стратегиялық маңызы бар нысандардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар, халық қалаулысы аудан тұрғындарын қабылдап, әрбір азаматтың мәселесін тыңдады, ашық диалог құрды.

«БҰЗАҚЫ – БАТЫРЛАР» ЖАЗАЛАНДЫ

Тура бір жыл бұрын құқық қорғау саласында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімі өз қызметін бастады. Аталған топтың жұмысы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте жинақталған жүйелік мәселелерді шешуге, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сарыағаш ауданында бір жылда қанша тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі тіркелген? Агрессорлармен қандай психологиялық жұмыстар жүргізілуде? Мамандар айтып берсін.

Орталық алаңдағы жаңа жыл кеші

Сарыағаштықтар Жаңа жылды жылдағы дәстүр бойынша орталық алаңда қарсы алды. Тұрғындар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа жылдық тілегін тікелей эфирде тыңдады. Аудан активтері де сарыағаштықтарды жаңа жылмен құттықтап, ақжарма тілектерін арнады.

Қос ауылдағы қуаныш

Енді он мыңнан аса тұрғын “басы ауырып, балтыры сыздаса” өз елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаториядан ем алуға мүмкіндік алды. Жаңа жыл қарсаңында мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Төңкеріс және Береке елді мекендерінде дәрігерлік амбулатория халық игілігіне тапсырылды. Медициналық нысандардың ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Айдарұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы қатысты. Қос ауыл тұрғындарының қуанышымен әріптесім бөлісіп қайтты.

Тиісті шешім қабылданды

Сарыағаш аудандық мәслихатының кезектен тыс 39-сессиясы өтті. Асылбек Рысбекұлы төрағалық еткен сессия отырысына әкім орынбасары Нұрполат Талипов, жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ, 18 депутат қатысты. Маңызды жиында екі мәселе қаралды. Толығырақ алдағы сюжетте.