Судьяға ЖИ көмегімен жазылған 4 500 беттік талап арыз түсті

Фото: BILD

Германиядағы судьялардың біріне жасанды интеллект көмегімен әзірленген 4 500 беттік талап арыз түсті. Қазір елде мұндай құжат саны көбейген.

ChatGPT көмегімен азаматтар бірнеше секундтың ішінде көлемді заң құжаттарын әзірлей алады. Алайда мұндай құжаттарда ойдан шығарылған сот шешімдері мен қолданыста жоқ заң нормаларына сілтемелер жиі кездеседі.

Әсіресе адвокаттың көмегінсіз-ақ жүгінуге болатын әлеуметтік мәселелер жөніндегі соттарға түсетін жүктеме артқан.

Баден-Вюртемберг жерінде бір жыл ішінде шұғыл сот істерінің саны 60 пайызға, ал әлеуметтік жәрдемақыларға қатысты даулар бойынша істер 80 пайызға өскен. Баварияда 2026 жылдың алғашқы жартысында жәрдемақыларға қатысты талап арыздар саны 60 пайызға артқан.

Соған қарамастан, судьялар түскен барлық құжатты қарап шығуға міндетті. Тіпті мәтіннің едәуір бөлігі қаралып жатқан іске қатысы болмаса да, оны зерделеуге тура келеді.

Соттарға түсетін жүктеменің артуына байланысты Германияның Әділет министрлігі сот ісін жүргізу туралы заңнаманы реформалауды әзірлеп жатыр. Өзгерістер сот құжаттарының көлемі мен рәсімделуіне қойылатын талаптарды белгілеуі мүмкін.

Басқа ұсыныстардың қатарында соттардың өз жұмысында жасанды интеллектіні пайдаланып, көлемді талап арыздарды талдауы және қысқартуы да бар.

Дереккөз: @qazaqparat_kz

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар