
Мемлекеттік білім беру тапсырысының 70%-ы техникалық бағыттар бойынша кадрлар даярлауға бағытталатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
«Елімізде 763 колледж жұмыс істейді, онда 556 мың студент білім алуда. Техникалық және кәсіптік білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында колледждерге 133 мың студентті қабылдау жоспарлануда. Мемлекеттік білім беру тапсырысының 70%-ы техникалық бағыттар бойынша кадрлар даярлауға бағытталатын болады. Кәсіпорындардың өтінімдері негізінде, кейіннен міндетті түрде жұмысқа орналастыруды көздей отырып, 10 мыңнан астам студентті қабылдау жоспарлануда»,
— деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.
Министр жұмыс берушілермен бірлесіп, кәсіптік стандарттардың, Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының және WorldSkills стандарттарының талаптарын ескере отырып, шамамен 500 білім беру бағдарламасы әзірленіп, жаңартылғанын атап өтті. 27 колледжде білім беру бағдарламаларының халықаралық салалық және кәсіптік талаптарға сәйкестігін бағалау рәсімі өткізілді. Аккредиттеу қорытындысы бойынша 134 педагог пен 347 студент халықаралық сертификаттарға ие болды.

Жыл басынан бері шетелдік оқу орындарымен академиялық ұтқырлық, халықаралық салалық аккредиттеу және тағы да басқа мәселелер бойынша 80-ге жуық меморандум мен келісімге қол қойылды.
Дереккөз: @KZgovernment


