
Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Нұрайнаш Камалова Еңбек, Оқу-ағарту, Өнеркәсіп, Мәдениет және ақпарат министрліктеріне сауал жолдап, Қазақстандағы клининг саласындағы жұмыспен қамтуды заңдастыруға қатысты мәселені көтерді.
– Көтеріліп отырған мәселе ведомстволардың бірлесіп кешенді түрде шешім қабылдауын қажет ететіндіктен, депутаттық сауалымыз төрт министрлікке бірдей жолданды. Салалық қауымдастықтар мен сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанда клининг қызметтері саласына шамамен 1,5 млн-нан астам адам жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш саланың аса ауқымды екенін және Қазақстан Республикасының еңбек нарығында елеулі рөлге ие екенін көрсетеді. Клининг саласы еліміздегі санитариялық жағдайды қамтамасыз етіп, кез келген қоғамдық орындарды тиісті деңгейде күтіп ұстауға мүмкіндік береді. Осы ретте сала қызметкерлерін түгендеп, оларды есепке алып, ресми жұмыспен қамту деңгейін, саланың кәсіби құрылымын, еңбекақы деңгейін мен кәсіби оқытуға деген қажеттілікті толық бағалайтын тетік мүлде жоқ және аталған мамандық иелерінің қоғамдағы мәртебесі де төмен. Елімізде осы күнге дейін еден жуушылардың, аула сыпырушылардың және клининг саласындағы қызметкерлердің еңбегі көбіне біліктілігі төмен әрі беделсіз жұмыс ретінде қабылданады, – деді Н. Камалова.
Дереккөз: @qazaqparat_kz


