
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда жүк ағындарын есепке алу және рәсімдерді автоматтандыруға арналған Smart Cargo цифрлық платформасы енгізілді.
Осы жылдың тамыз айында верификацияланған өткізу жүйесі іске қосылғаннан кейін бақылау-өткізу пункттерінде жүктерді рәсімдеу жылдамдығы 30% артты, ал кезекте күту уақыты 10 есеге қысқарды.
«Платформа тауарлардың ел аумағы арқылы қозғалысын жеделдетеді және негізгі сауда серіктестері – Қытай, Ресей және Орталық Азия елдерімен логистикалық тізбектерді оңтайландырады. Жүйе экспорттық, импорттық және транзиттік жүк ағындарының құрылымының толық ашықтығын, сондай-ақ мемлекеттік органдар, жөнелтушілер мен алушылар үшін жүктердің қозғалысын бүкіл кезең бойынша бақылауға мүмкіндік береді», — деді «Kazdream IT Holding» ЖШС директоры Думан Сембаев.
Дереккөз: @KZgovernment


