
Қазақстан 2026 жылдың екінші тоқсанында алтын сатып алу көлемі бойынша әлемдегі ең белсенді бес елдің қатарына енді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Есепке сәйкес, осы кезеңде Қазақстан Ұлттық банкі елдің алтын қорын 15 тоннаға арттырған. Алтын сатып алу бойынша көш басында Польша тұр. Аталған ел екінші тоқсанда өз қорын 51 тоннаға толықтырған. Одан кейін Қытай – 33 тонна, Өзбекстан – 16 тонна, Қазақстан – 15 тонна көрсеткішпен орналасты. Сондай-ақ Иордания мен Чехияның орталық банктері алтын қорына 6 тоннадан қосқан.
Жалпы алғанда, 2026 жылдың екінші тоқсанында әлемнің орталық банктері шамамен 289 тонна алтын сатып алған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 62 пайызға көп. 2025 жылдың дәл осы уақытында сатып алынған алтын көлемі шамамен 178 тоннаны құраған. Дүниежүзілік алтын кеңесінің мәліметінше, алтынға деген қызығушылықтың артуына геосаяси тұрақсыздық, тоқсан ішінде бағалы метал бағасының төмендеуі және елдердің халықаралық резервтерін әртараптандыруға ұмтылысы себеп болған.
Дереккөз: t.me/atamekenbusiness_qaz


