
Астанада автосалон менеджері сегіз көлікті заңсыз сатып, тағы үшеуінің ақшасын иемденгені үшін 6 жылға сотталды. Кәсіпорын мен сатып алушыға келген шығын 69,6 млн теңге.
Сот анықтағандай, менеджер жалған құжаттар рәсімдеп, жалпы құны 53,1 млн теңге болатын сегіз JAC J7 көлігін заңсыз сатып жіберген. Сатып алушылардан түскен ақшаны кәсіпорынның кассасына өткізбеген.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы қаңтарда ол тағы бір сатып алушыға осы маркалы үш көлікті төмендетілген бағамен ұсынған. Алайда міндеттемесін орындауға ниеті болмаса да, одан 16,5 млн теңге алып, көліктерді бермеген. Ақшаны өз қажетіне жұмсаған.
– Сот бірінші эпизодты сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу бабынан алаяқтық бабына қайта саралады. Себебі автокөліктер сотталушыға сеніп тапсырылмаған. Ол көліктерді материалдық жауапкершілігіне алмаған, олардың сақталуына жауап бермеген және сатып алушыларға өз бетінше сатуға әрі беруге құқығы болмаған, – делінген сот хабарламасында.
Прокурор менеджерді 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сотталушы мен оның қорғаушысы істің бірінші эпизодын алаяқтық деп қайта саралап, жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, ең төменгі жаза тағайындауды өтінді.
Сот жаза тағайындау кезінде айыпталушының жасаған ісіне өкінгенін, кәмелетке толмаған баласы барын және бұрын сотталмағанын ескерді. Жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен ер адам 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған коммерциялық ұйымдарда тауарлар мен қызметтерді сатуға байланысты лауазымдарды 8 жыл бойы атқаруға тыйым салынды.
Жәбірленушілердің шығынды өтеу туралы талап-арыздары қанағаттандырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.


