Қазақстандық оқушы ауа арқылы су тапшылығын жоюдың жолын қалай ойлап тапты: Оның өнертабысына шетел қызығуда

Фото: Ашық ақпарат көздерінен

Алматыдағы 11-сынып оқушысы Дана Қадырбек жаһандық су тапшылығын шешудің жолын тапқан. Қазіргі таңда оның өнертабысы Қазақстан билігін ғана емес, шетелдіктердің де назарын аудартып, Эфиопия, Сейшел аралдары және Барбадос елдері қызығушылық танытты. 17 жастағы Дана Stan.kz тілшісіне ауадан қалай су жасап шығаратынын, болашақта қандай экологиялық жобаларды іске асырғысы келетінін айтып берді.

Дана Қадырбек Алматыдағы №79 гимназиясында 11-сынып оқиды. Ол жақында Венадағы БҰҰ штаб-пәтерінде Cleantech Days Forum 2026 форумында әлемнің үздік үш жас өнертапқышының қатарына енді. Сондай-ақ Сеулде өткен Дүниежүзілік инновациялық олимпиадада ол 35 елден келген 2000 қатысушының арасында бірінші орын алды.  Алайда ол бұл жетістікке бірден жеткен жоқ. Алматылық оқушы жыл сайын бірнеше ғылыми жобаларға қатысып, бағын сынап көрген. 

Дананың сөзінше, ғылымға деген қызығушылығы бала кезден басталды. Кішкентайынан үйіндегілер оны түрлі энциклопедияларды оқуға баулыған. Осылайша ол әртүрлі технологиялардың қалай жұмыс істейтініне қызығушылық танытып бастаған.

Kazakhstan Smart Space халықаралық ғарыштық технологиялар байқауын жеңген. АҚШ-та өткен Olympiad USA математика байқауынан да, Индонезияда өткен YISF жарысынан да жүлдесіз оралмады.

“8-сыныпта алғаш рет ғылыми байқауға қатысып, өзімді шыңдап көрдім. Алғашқы жобам «Кельвин тамшылатқышы баламалы энергия көзі ретінде»  деп аталды. Мен Кельвин тамшылатқышы прототипін құрастырып, 3-орын алдым. Бұл мені өнертабыстарды ойлап, бірдеңе жасауға ынталандырды. Бұл жобадан толығымен бас тартқан жоқпын, ол туралы мақала жаздым, тіпті құрылғыны заманауи бейімдеуді ұсындым”, – деді ол.

Яғни су тамшылары арқылы электр энергиясын өндіреді. Су тамшылап ағады да, сол тамшылардың ішінде кішкентай электр зарядтары болады. Арнайы жүйе сол зарядтарды жинайды, нәтижесінде аздаған ток пайда болады. 

Дана Қадырбек
Фото: Дана Қадырбектің жеке архиві

Дана Қадырбек экология, әлеуметтік мәселелерге жіті мән беретіндіктен, келесі жобасын сол салаға арнағысы келген. Осылайша су тапшылығы мәселесінің Қазақстанда, жалпы Орталық Азияның ауылдық жерлерінде өзекті екенін байқапты. Соны зерттей келе, ауадан су жасап шығаратын HydroTech ATM жобасы пайда болды. Ол тіпті құрғақшылық жағдайында да ауыз су алуға қабілетті құрылғы екен. 

“Әдісіміз атмосфера қабатынан ылғал жинауға негізделген. Құрылғы ауадан ылғалды сіңіре алатын наноматериалдарды пайдаланады. Содан кейін ылғал бөлініп, ол жылу арқылы суға айналады. Мұның басқа көптеген технологиялардан айырмашылығы – электр қуатын қажет етпейді, яғни тоқсыз жұмыс істейді. Құрылғы тек күн энергиясынан қуат алады. Әсіресе шалғай аймақтар үшін бұл қолайлы. Әрине, технологияны әзірлеу кезінде біз бірқатар қиындықтарға тап болдық. Алғашында ылғал сіңіретін құрылғыда қолданылатын наноматериалдарды синтездеудің дұрыс әдісін табу керек болды. Оңтайлы тәсілді таппас бұрын әдістерді өзгертіп, көптеген тәжірибелер жүргізуге тура келді”, – деді алматылық оқушы.

Алайда құрылғы әлі нақты далалықта сынақтан өткізілген жоқ. Дегенмен оның туындысы үкіметтің назарына ілікті. Осылайша ол былтыр су ресурстары және ирригация министрлігімен меморандумға қол қойған. Енді Талдықорған аймағында пилоттық сынақтарды бастамақ. 

Содан кейін құрылғыны дамытып, оны шынымен мұқтаж жандарға қолжетімді ету үшін жеке компаниялармен бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлап отыр.

Оқушы Венадағы Cleantech Days форумына тап болу оңай болмағанын айтады. Алдымен Астанада өткен GCIP байқауына іріктеуге қатысқан. Осылайша Қазақстаннан 300-ден астам өтінімнен үш жоба ғана өткен. Әрі қарай Дананың жобасы жаһандық форумда үздік үштіктің қатарына енді.

Дана Қадырбек
Фото: Дана Қадырбектің жеке архиві

Сонымен қатар оған GCIP және UNIDO бағдарламалары тарихындағы ең жас кәсіпкер ретінде арнайы Youth Leadership номинациясын ұсынған.

Өнертабыс иесі болашақта басқа да экологиялық жобаларды қолға алғысы келеді. Дегенмен қазіргі қалауы – HydroTech ATM жобасын толық іске асыру, қолданысқа енгізу.

Сондай-ақ жақында мектеп бітіретін Дана шетелге кеткеннен гөрі Қазақстандағы оқу орындарында білім алғанды жөн көреді. Ол Nazarbayev University-де инженер мамандығына оқу түсуді мақсат етіп отыр екен. 

Еске салсақ, алматылық оқушы ауадан су алатын технология ойлап тапқаны айтылды. 

Дереккөз: stan.kz

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар