
Француз прокурорлары Францияның бұрынғы президенті Николя Саркозиге 21 қазанда Париж түрмесіне келіп, бес жылдық жазасын өтеуді бастауы тиіс екенін хабарлады. Ол 2007 жылғы президенттік сайлау науқанын қаржыландыру үшін Ливия көшбасшысы Муаммар Каддафиден заңсыз қаржы алғаны үшін сотталған, деп хабарлайды France 24. Николя Саркози үкімге апелляциялық шағым түсіргенімен, жазасын Париждегі Санте түрмесінде өтеуді бастайды, деп мәлімдеді дереккөздер.
2007–2012 жылдар аралығында Францияны басқарған Николя Саркози қыркүйек айының соңында сот үкімімен кінәлі деп танылды. Бұрынғы президент үкіммен келіспей, бірден шағым түсірді. Алдағы айларда жаңа сот процесі өтеді деп күтілуде. 70 жастағы Саркози өз кінәсін мойындамай отыр.
Саркози мен тағы 12 адам, оның ішінде бірнеше бұрынғы министрлер, қылмыстық сөз байласу және Ливия режиміне көрсетілген болжамды қызметтер үшін миллиондаған еуро алған деген айыппен сотталды. Ливия тарапының талаптарының бірі — Каддафидің барлау қызметінің басшысы Абдулла әл-Сенусиге қатысты тұтқындау ордерін жоюға көмектесу болған. Әл-Сенуси 1989 жылғы теракт үшін Францияда сырттай сотталып, сол оқиғада 170 адам қаза тапқан еді.
Дереккөз: Informburo.kz