ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚУАТЫ 300 МВт ІРІ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ САЛЫНУДА

Фото: Түркістан облысының баспасөз қызметі

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Sauran Solar Power» ЖШС басқарма төрағасы Шао Юэбомен кездесіп, Сауран ауданында қуаты 300 МВт күн электр станциясын салу жобасының іске асырылу барысын талқылады. Ауқымды инвестициялық жоба аясында тараптар құрылыс жұмыстарының кезеңдері, іске асыру мерзімдері және туындаған өзекті мәселелерді шешу жолдары бойынша пікір алмасты. Еске сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында жобаның іргетасы қаланып, стратегиялық бастамаға ресми түрде бастау алған болатын.

Өңір басшысы жобаның маңыздылығына ерекше тоқталып, оның еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін арттырудағы рөліне назар аударды.

– Бұл жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету саясатының нақты нәтижесі және Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің айқын көрінісі. Біз жобаның уақтылы әрі сапалы іске асырылуы үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз. Өңірдегі әрбір инвестициялық жоба мен инвестор қызметі менің тұрақты бақылауымда, – деді облыс әкімі.

Фото: Түркістан облысының баспасөз қызметі

Кездесу барысында әкімдік тарапынан көрсетілетін әкімшілік қолдау, инфрақұрылымды дамыту және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды күшейту мәселелері жан-жақты қаралды. Жобаның техникалық ерекшеліктеріне сәйкес, электр станциясы заманауи энергия үнемдейтін күн панельдерімен жабдықталады. Қосалқы станцияда әрқайсысының қуаты 400 МВА болатын екі трансформатор орнатылады. Сонымен қатар қуаты 90 МВт/360 МВт·сағ болатын энергия жинақтау жүйесі электр желісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жалпы инвестиция көлемі шамамен 160 млрд теңгені құрайды. Құрылыс және пайдалану кезеңдерінде 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бұл ретте жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту және кадрлардың біліктілігін арттыру мәселелеріне басымдық берілуде.

Фото: Түркістан облысының баспасөз қызметі

Аталған жоба Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметтері арасында жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған келісім шеңберінде іске асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – жаңартылатын энергия өндірісін арттыру, көмір генерациясына тәуелділікті төмендету және елдің энергетикалық жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету.

Қазіргі таңда стратегиялық маңызды жобаны іске асырудың келесі кезеңдері жоспарланған. Атап айтқанда, құрылыс алаңына арналған контейнерлерді жеткізу, алғашқы партиядағы күн панельдері мен қосалқы жабдықтарды тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2024–2027 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Жоба нәтижесінде елдің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артып, атмосфераға бөлінетін зиянды шығарындылар азаяды, өңірлік инфрақұрылым дамып, Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығы күшейеді деп күтілуде.

Дереккөз: Түркістан облысының баспасөз қызметі

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp