
Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұлдың Маниса провинциясына жұмыс сапары аясында өңірдің жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарының басшыларымен бірқатар мазмұнды кездесулер ұйымдастырылды.
Кездесулер барысында композиттік материалдар, құрылыс индустриясы, пластик өнімдері, машина жасау, металл өңдеу, агроөнеркәсіп және өндірістік технологиялар салаларында жұмыс істейтін компаниялардың қызметі таныстырылды. Атап айтқанда, Fiber Kompozit, Logo Beton, Nat Plastik, Asr Makina, Namtek Makina, Sistem Oluklu Mukavva, Efestar, SKP, Osso, Agrotek, Hat İndüksiyon, Zenit, Miksan және Onuras компанияларының өндірістік әлеуеті мен экспорттық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылап, Қазақстанның қолайлы инвестициялық климаты, индустриялық аймақтары мен мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде жан-жақты пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша, Маниса провинциясының бірқатар компаниялары Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін жоғары бағалап, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында өндірістік жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.
Осыған байланысты, 2026 жылғы мамыр айында Маниса өңірінің кәсіпкерлер делегациясының Қазақстанға сапары жоспарлануда. Аталған іссапар нақты инвестициялық жобаларды пысықтауға және екіжақты өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға серпін береді деп күтілуде.
Дереккөз: ҚР СІМ баспасөз қызметі


