9 жасынан кесте тоқып, ою өрнектеп, сан түрлі киім-кешек тігіп жүрген өнерлі қыз туралы естіп пе едіңіз? Заманауи тігін машинасын да еркін меңгерген жас тігінші – Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Жаңа тұрмыс елді мекенінде тұрады. Әжесі мен анасының ізін жалғап келе жатқан Мерей Жанұзақтың отбасылық кәсібі туралы Нағима Әбдірахым айтып берсін.
Қазақ халқында «әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген қанатты сөз бар. Бұл – дәл осы отбасыға арналғандай. Өйткені 17 жылдан бері тігіншілікпен айналысып келе жатқан Жарқынай Әмірханованың 12 жасар қызы Мерей де дәл осы кәсіпке икемін танытып, бала күнінен еңбекке араласуда. Перзентінің қызығушылығы мен алғаш қолына ине алған сәттерін анасы қуанышпен әрі мақтанышпен еске алады.
Жарқынай Әмірханова, тігінші
Тігістің тілі таба білген кішкентай өнер иесі – Мерей болса, бүгінде анасы пішкен киім-кешектерді мәшинкемен ешбір қиындықсыз тіге алатын болған. Алғаш рет тоғыз жасында бұл іске кіріскен кішкентай ару, осымен үшінші жыл қатарынан ауылдың қыз-келіншектеріне қажетті көйлектердің түр-түрін тігіп, қуантып келеді. «Бұл өнер – анамның ақ сүтімен дарыған болса керек»,- дейді жас шебер.
Мерей Жанұзақ, жас тігінші
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демеуші ме еді қазақ халқы?! Біз де жас кәсіпкердің демеушілігін айта кеткенді жөн көрдік. Өткен жылы пандемияның өрши бастаған кезеңінде Жарқынай Әмірханова өз есебінен 400 бетперде тігіп, алғашқылардың бірі болып ауыл тұрғындарына тегін маска таратқан.
Орынхан Жүнісов, Жаңа тұрмыс ауылының биі
«Жұмыс істеймін, өмірімді өзгертемін» деген азаматтар үшін елімізде екі қолға бір күрек табылары сөзсіз. Ал, үйде отырған келіншектер үшін бүгінгі хабарымыз дайын формула деп білеміз. Өйткені еңбек түбі қашан да – береке.
Авторлар: Нағима Әбдірахым, Ерлан Сәрсенбеков
Материалдарды толық және ішінара көшіріп алуға тыйым салынған. Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, ресурсқа сілтеме беріңіз.