
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі «үшінші әлем» елдерінен келетін мигранттардың кіруіне тұрақты түрде тыйым салуға ұмтылатынын айтты. Бұл туралы ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
«Мен АҚШ жүйесінің толық қалпына келуіне мүмкіндік беру үшін үшінші әлемнің барлық елдерінен келетін миграцияны тұрақты түрде тоқтатамын», – деп жазды Ақ үй басшысы.
Ол нақты қандай мемлекеттер туралы айтып отырғанын көрсеткен жоқ.
Сол мәлімдемесінде Трамп былай деді:
- «азаматтығы жоқ» адамдарға берілетін барлық федералдық төлемдер мен субсидияларды тоқтату;
- қоғамдық тыныштықты «бұзады» деп есептеген мигранттарды паспорттарынан айыру;
- билік масыл, қауіпсіздікке қатер төндіреді немесе «батыс өркениетімен үйлеспейді» деп санаған шетелдіктерді елден шығару.
Америка президенті бұл мәлімдемені Вашингтон қаласының орталығындағы қайғылы оқиғадан кейін жасады.
Айта кетейік, 27 қараша күні Ауғанстан тумасы Ұлттық гвардия әскери қызметкерлеріне оқ атып, олардың бірі ауруханада көз жұмған еді.
Дереккөз: INFORMBURO.KZ


