
Иран президенті Масуд Пезешкиан АҚШ өз міндеттемелерін толық орындаған жағдайда ғана Тегеран да келісім аясындағы міндеттерін орындайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Пезешкианның айтуынша, Иран мен АҚШ арасындағы кез келген келісім өзара құрмет пен екіжақты міндеттемелерге негізделуі тиіс. Оның сөзінше, қысым көрсету мен қоқан-лоқыға орын болмауы керек.
Өзара түсіністік – екіжақты қозғалысы бар көше. Егер америкалық тарап келісімді сақтаса, біз де өз міндеттемелерімізді орындаймыз. Біз негізсіз қоқан-лоқы мен күш көрсетуге ақыл-парасат пен адамдық қадір-қасиетке сүйене отырып жауап береміз. Ал қажет болған жағдайда елімізді батыл әрі тайсалмай қорғаймыз, – деді Иран президенті.
Ирандық Press TV телеарнасының хабарлауынша, Тегеран әділдік пен теңдік қағидаттарына негізделген байыпты диалогқа әрдайым дайын екенін көрсетіп келеді және кез келген мәжбүрлеу мен орындалмайтын уәделерді қабылдамайды.
Сонымен қатар, Иран бейбіт жолмен мәселені шешуге ұмтылғанымен, елдің егемендігі мен ұлттық қадір-қасиетін қарумен қорғауға толық дайын екенін бірнеше мәрте мәлімдеген.
Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бағаи техникалық келіссөздер АҚШ екіжақты өзара түсіністік туралы 14 тармақтан тұратын меморандумның негізгі шарттарын толық орындағаннан кейін ғана басталатынын айтты.
Оның сөзінше, алдағы күндері Қатарда Иран мен АҚШ арасында ешқандай келіссөз жоспарланбаған.
Бағаи келіссөздердің басталуы меморандумның нақты тармақтарының орындалуына байланысты екенін атап өтті. Атап айтқанда:
Ливандағы әскери іс-қимылдардың тоқтатылуы;
Иран активтерінің бұғаттан шығарылуы;
Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына қатысты мәселелердің реттелуі;
АҚШ лицензиясы негізінде Иранның мұнай өнімдерін экспорттау мүмкіндігінің қамтамасыз етілуі.
Еске салсақ, 18 маусымға қараған түні Иран мен АҚШ қашықтан өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат 28 ақпанда басталған әскери қақтығысты тоқтатуды көздейді. Сондай-ақ АҚШ-тың теңіз қоршауын алып тастау және Иранның Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіру мерзімдері белгіленген.
Бұдан бөлек, Иран ядролық қаруға ие болмауға міндеттеме алады. Елдің ядролық бағдарламасына қатысты мәселе алдағы 60 күн ішінде жеке келісім арқылы талқыланбақ. Ал Тегеран бұл келіссөздердің нәтижесінде өзіне қарсы салынған санкциялардың алынуын күтеді.
Дереккөз: @baq_kz


