Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сот үкім шығарды

Фото: Informburo.kz

Шымкентте әкімнің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісіне қатысты сот үкімі жарияланды.

Сот әкімнің орынбасарына оқ атқан Ернар Жиембайды 9 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.

Жиембай жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді.

Сондай-ақ сот айыпталушыны жәбірленушінің пайдасына 30 АЕК төлеуге міндеттеді. Бұл сома 118 890 теңгені құрайды. Бұған дейін Берденов бұл қаражатқа өзі ем қабылдап жатқан ауруханаға көлік сатып алғысы келетінін айтқан еді.

21 сәуір күні Руслан Берденовке Шымкент әкімдігі ғимаратының алдында оқ атылды. Әкім орынбасары ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Іс бойынша айыпталушы – қалалық құрылыс басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің бұрынғы директоры. Жәбірленуші Руслан Берденов сот отырысына онлайн режимде қатысып жатыр.

18 тамызда прокурор Ернар Жиембайға 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Ал Жиембайдың адвокаты айыптаушымен келіспей, оның әрекетін кісі өлтіруге оқталу емес, қасақана ауыр дене жарақатын келтіру деп бағалау қажет деген уәж келтірді.

Дереккөз: Informburo.kz

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар