
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылдан бастап еліміздің барлық өңірінде балаларға арналған психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істей бастады. Бұл бастама – жергілікті деңгейде кәсіби көмек көрсетудің бірыңғай жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, ол балалардың, ата-аналар мен педагогтердің психологиялық әл-ауқатын нығайтуға бағытталған.
Орталықтардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін министрлік олардың міндеттері мен жұмыс бағыттары, штат кестесі және мамандардың лауазымдық нұсқаулықтары айқындалған бірыңғай үлгі әзірледі. Бүгінгі күнге дейін бұл орталықтарда 240 мыңнан астам оқушы мен олардың отбасына кешенді көмек көрсетілді.
Кешенді шаралардың арқасында Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында суицид, буллинг және құқықбұзушылық фактілерінің төмендегені байқалады.
«Біз нақты нәтижені көріп отырмыз. Балалар өз сезімдері мен уайымдарын ашық айтады, ата-аналар да көмекке жүгінеді, ал педагогтер оқушыларға қолдау көрсетудің нақты құралдарына ие болды. Министрліктің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жүйелі тәсілдің арқасында біздің өңірде мектептерде тәуекел деңгейі төмендеді. Бұл біздің дұрыс бағытта екенімізді көрсетеді», – дейді Қостанай облысындағы орталық жетекшісі Елена Петренко.
Өңірлік орталықтардың педагог-психологтарымен кездесу барысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев олардың қызметі Мемлекет басшысы айқындаған білім беру жүйесіндегі кешенді саясаттың маңызды бөлігі екенін атап өтті.
«Бүгінде барлық деңгейде балаларға психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу көрсетудің орнықты моделі қалыптасып келеді. Өткен жылы мектеп психологтарының жұмыс форматын қайта қарап, артық есептілікті азайттық, диагностикалық құралдарды бекіттік, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейттік. Қазір бір маманға 500 оқушы есебінен педагог-психологтардың нормативтік жүктемесін азайту мәселесі қаралып жатыр. Бұл мамандардың күш-жігерін профилактикаға, тәуекелдерді ерте анықтауға және әрбір балаға жеке қолдау көрсетуге бағыттауға мүмкіндік береді. Біз балаларды жай ғана қорғап қоймай, олардың өздерін қорғалған әрі даму мүмкіндігі бар тұлға ретінде сезінетін ортаны қалыптастыруымыз керек», – деп атап өтті министр.
Кездесу соңында үздік мамандар ведомстволық наградалармен мараптталды. Қазіргі таңда Орталықтарда 500-ден астам жоғары білікті маман жұмыс істейді. Жалпы, еліміздің білім беру жүйесінде 8 мыңнан астам педагог-психолог еңбек етуде. Бұл орталықтар мамандар үшін әдістемелік және тәлімгерлік қолдау көрсететін, тәжірибе алмасуға және кәсіби біліктілікті арттыруға мүмкіндік беретін кәсіби хабқа айналып келеді.
Дереккөз: ҚР Оқу-ағарту министрлігі