
Түркістан облысы Ордабасы ауданында қазақ халқының даңқты перзенті, әлемге әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.
Мерекелік іс-шара аудан орталығы Темірлан елді мекеніндегі Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешенінде ұйымдастырылды. «Қажымұқан – даланың дара батыры» атты салтанатты іс-шара аясында тағылымды басқосу ұйымдастырылып, оған зиялы қауым өкілдері, спорт ардагерлері, еліміздің әр өңірінен келген Қажымұқан бабамыздың ұрпақтары және қонақтар қатысты.
Жиын барысында аудан әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, даңқты балуанның қазақ халқы үшін ғана емес, күллі түркі жұрты үшін мақтаныш екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар мәслихат депутаты Бақдәулет Жұмабеков, Қажымұқанның немересі Нұрлан Қажымұқан және спорт саласының ардагері Қуат Байқожаев та сөз алып, баба рухына тағзым етті.
Салтанатты шара аясында мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылып, театрландырылған қойылымдар сахналанды. Сонымен бірге Қажымұқан рухына арналған ерекше күш көрсетілімдері – тас сындыру, темір майыстыру секілді рекордтық шоулар көрерменге ұсынылды. Мерейтой аясында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Ауқымды спорттық шараға аудан тұрғындары, спорт жанашырлары, ардагерлер мен жас балуандар қатысып, ұлттық спорттың мәртебесін асқақтатты.
Турнирде боз кілемге шыққан жасөспірімдер өзара мықтыларды анықтап, тартысты белдесулер көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


