Мәжіліс электрондық сауданы кедендік реттеу бойынша түзетулерді мақұлдады

Фото: ҚР Экономика министрлігі

Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат электрондық сауда тауарының кейбір санатын, жаңа декларация түрін және электрондық сауда операторын енгізуді көздейді. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, түзетулер шетелдік интернет-алаңдардағы үшінші елдерден жеке тұлғалардың атына халықаралық почта арқылы жіберілетін тауарларды «электрондық сауда тауары» деген жеке санатқа бөлуді қарастырады.

Фото: ҚР Экономика министрлігі

Бұдан басқа, заңнамаға «электрондық сауда операторы» ұғымы, сондай-ақ электрондық сауда декларациясы сияқты кедендік құжаттың жаңа түріенгізіледі. Азамат Әмриннің айтуынша, қазір шетелдік интернет-алаңнан сатып алынатын зат жеке пайдалануға арналған тауарға жатады. Оған бажсыз әкелу нормасынан асып кеткен жағдайда ғана декларация жасалып жүр.

«Бұл ретте электрондық сауда тауары жеке тұлғаның пайдалануына арналған, яғни кәсіпкерлік қызметке байланысты емес. Бұл тауарлар сауда айналымына жатпағандықтан, ресми статистикаға енгізілмейді. Енді жөнелтімнің барлығын бірдей декларациялау шетелдік интернет-алаңда сатып алынатын тауардың толық, нақты статистикасын қалыптастыруға мүмкіндік береді»,-деп атап өтті бірінші вице-министр.

Оның айтуынша, түзетулер халыққа кедендік рәсімді жеңілдетуге, трансшекаралық электрондық сауданың ашықтығын арттыруға, тауар импортының толық статистикасын құруға арналып отыр.

Дереккөз: ҚР Экономика министрлігінің баспасөз қызметі

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp