
Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Шекара маңындағы өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері» тақырыбында көшпелі отырыс өткізді. Асхат Аймағамбетов жетекшілік еткен жиынға депутаттар, мүдделі мемлекеттік органдардың және жергілікті әкімдіктің өкілдері қатысты.
Жиында шекара маңында орналасқан ауыл-аудандарды шеткері қалдырмай, оларды қорғап, қамқорлық көрсету мәселесі талқыланды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірдегі 12 ауданның жетеуі шекаралас аумақта орналасқанын атап өтіп, депутаттарға атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерге, соның ішінде білім беру, медицина, мәдениет, экологиялық жағдай, инфрақұрылымның дамуы сияқты жайттарға тоқталды.
Талқылау барысында депутаттар жиында көтерілген мәселеге қатысты сұрақ қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Оқу-ағарту, Ұлттық экономика вице-министрлері, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі сөз сөйлеп, Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Жиынды қорытындылаған Асхат Аймағамбетов шекарадағы өңірлерді дамыту бойынша бірыңғай стратегиялық тәсілдер әзірлеу қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, оның пікірінше, шекара маңындағы ауылдарда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін әкімдіктерге қосымша өкілеттіктер беру мақсатымен заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ сол аймақтардағы мектептерге бөлек стандарттар белгілеудің, халқы аз ауылдардағы медициналық ұйымдарға арналған стандарттарды қайта қараудың маңыздылығын атап өтті.
Комитет төрағасы көшпелі отырыста айтылған барлық ұсыныс жинақталып, өңірлерді дамыту жөніндегі жұмыс жоспарында ескерілетінін атап өтті.
Дереккөз: mazhilis.parlam.kz


