
Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі мен ICAO Cinema Club-тың жәрдемімен алғаш рет қазақ тілінде ағылшын субтитрлерімен «Бақыт құшағында» атты қазақ фильм-мюзиклінің көрсетілімі ұйымдастырылды.
Іс-шараға ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума, Ұйымның Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар, Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Даулетбек Құсайынов, сондай-ақ ИКАО жанындағы мүше мемлекеттердің Тұрақты өкілдері, Ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, ИКАО Хатшылығы мен Қазақстанның Канададағы Елшілігінің қызметкерлері және Монреаль қаласындағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Өз сөзінде ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов аталған іс-шараның тарихи сипатқа ие екенін атап өтті, өйткені ИКАО Штаб-пәтерінің қабырғасында алғаш рет қазақ фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылды. Ол мұндай мәдени бастамалар өзара түсіністікті нығайтуға және мәдени алмасуды дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді. Ерекше назар ұсынылған фильмнің маңыздылығына аударылды, ол Қазақстанның мәдени мұрасында маңызды орын алатын көрнекті қазақ композиторы Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларына негізделген.
ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума өз сөзінде қазақстандық делегацияға кешті тамаша ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар, ол ИКАО жанындағы Жапонияның Тұрақты өкілі ретінде қызмет атқарған кезеңінде өзінің алғашқы бастамаларының бірі жапон фильмінің көрсетілімін ұйымдастыру болғанын атап өтіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы мәдени дипломатияның маңыздылығын ерекше атап өтті.
Бұған қоса, Т. Онума мемлекеттерді біріктіретін және жаһандық өзара іс-қимылды дамытуға ықпал ететін құрал ретінде азаматтық авиацияның маңызды рөліне назар аударды.
Көрсетілім басталғанға дейін қонақтар үшін дәстүрлі қазақ тағамдарымен қабылдау ұйымдастырылып, сондай-ақ ұлттық аспабымыз домбырада музыкалық бағдарлама ұсынылды. Францияның азаматы Александр Ауди мырзаның орындауында «Сарыарқа», «Қара Жорға», «Қараторғай», «Алатау» және басқа да белгілі қазақ шығармалары шырқалды.
Іс-шара қорытындысы бойынша қонақтар қабылдаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, кештің жылы атмосферасын атап өтіп, қазақ фильмін үлкен қызығушылықпен қабылдап, ол көрермендердің оң пікірлеріне ие болды.
Дереккөз: ҚР СІМ баспасөз қызметі


