
Президент, ең алдымен, салтанатты іс-шараға қатысушыларды Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтады.
Бұл – еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке. Мәдениет – халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани дербестігінің арқауы екенін бәріміз жақсы білеміз. Мәдени және рухани дүниесін сақтай білген елдің мәртебесі биік, мерейі үстем болары айқын. Сіздер осы игі мақсат жолында табанды жұмыс істеп келесіздер. Қоғамымыз бұл еңбекті жоғары бағалайды. Бүгін мен кәсіби мереке күні еліміздегі барша мәдениет және өнер саласы мамандарына шынайы алғысымды білдіремін! Қазақ – өнердің киесін ұғатын, өнерпаздың қадірін білетін жұрт. Біз ерекше дарын иелеріне әрдайым лайықты құрмет көрсетеміз. Жұртымыз «Өнердің өрісі кең» деп сіздерді қашанда қадірлеген. Міне, бүгінгі жиын да соның бір көрінісі. Шын мәнінде, руханияты бай елдің ойы озық, болашағы жарқын болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазір Қазақстанда ауқымды өзгерістер болып жатқанын айтты.
Бұл жай ғана өзгерістер емес: еліміздің болашағына тікелей қатысы бар, мағынасы ауқымды, терең, кешенді, жүйелі реформалар жасалуда. Мақсатымыз – Отанымызды күшті, озық мемлекет ретінде дамыту, сондай-ақ, дарынды, отаншыл, жігерлі және көзі ашық, көкірегі ояу жастардың өмір жолын ашып беру. Наурыз айында бәріміз бір ел, бір халық болып конституциялық реформаға бірауыздан қолдау көрсеттік. Ортақ іске мәдениет саласының мамандары мен өнер қайраткерлері де белсене атсалысты. Саяси науқан кезінде халқымыз еліміздің жарқын болашағына үлкен сеніммен қарап, тарихи таңдауын жасады. Осылайша, жаңа Конституциямыз тұғырына қонды. Расында, бұл Қазақстанның келешегін айқындайтын маңызды шешім болғаны анық. Ата заң – ел тәуелсіздігі мен мемлекеттігінің мызғымас кепілі, халқымыз жүріп келе жатқан жолдың басты темірқазығы. Конституцияда ұлтымыздың мүддесі, мақсат-мұраты мен арман-тілегі айқын көрініс тапты. Ата заңға сәйкес еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау бұлжымас қағидат саналады, – деді Президент.
Президент ұлт руханиятына адал қызмет етіп жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп отыратынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияда тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне де баса назар аударылғанын жеткізді.
Енді мәдениет саласын қолдау – мемлекеттің конституциялық міндеті. Қазір бұл бағытта ауқымды шаруа жасалып жатыр. Мен Мемлекет басшысы ретінде ұлт руханиятына адал қызмет етіп жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беріп отырмын. Мәселен, соңғы бес жылда олардың жалақысы екі есе ұлғайды. Биылдан бастап өнерпаздарға берілетін мемлекеттік стипендия көлемі екі есе өседі. Тек былтырдың өзінде елімізде 61 мәдениет нысаны салынды. 250-ден астам мекемеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы Президент Жарлығымен үш бірдей мұражайға «Ұлттық» мәртебе берілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. Меніңше, Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрына және Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияға «Ұлттық» мәртебе берілсе, орынды болар еді. Сондай-ақ Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрына «Академиялық» мәртебе беру керек деп есептеймін. Аталған өнер ұжымдары тұтас еліміздің рухани мұрасын байытуға өлшеусіз үлес қосып келеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, бүгін төл мәдениетіміздің өрісін кеңейтіп, халқымыздың рухани дүниетанымын байыту жолында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
Қазір біздің ортамызда белгілі әнші әрі домбырашы Татьяна Николаевна Бурмистрова отыр. Ол жарты ғасырға жуық уақыт бойы қазақтың дәстүрлі өнерін белсенді түрде кеңінен дәріптеп, жас дарындарға үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Бүгін мен Татьяна Бурмистроваға ең жоғары «Отан» орденін беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Сонымен қатар бүгін жезтаңдай әнші, халқымыз, әсіресе, әйелдер қауымы жақсы көретін өнер иесі, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісоваға екінші дәрежелі «Барыс» орденін тапсырамын. Михаил Лермонтов атындағы ұлттық орыс драма театрының актрисасы Марина Юрьевна Ганцева III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталады. Ол Қазақстан мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосты. Таланты мен көпжылдық еңбегінің арқасында театр өнерін бағалайтын көрерменнің ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленді. Кәсіби мереке күні мәдениетіміздің дамуына зор еңбек сіңірген бірнеше өнер қайраткеріне «Қазақстанның халық әртісі» атағы беріледі. Жалпы, биыл елімізде 120 мәдениет және өнер қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болады, – деді Мемлекет басшысы.
Дереккөз: t.me/aqorda_resmi


