
Түркістан облысында қоғамды дүр сілкіндірген ауыр қылмысқа қатысты сот үкімі шықты. Сайрам ауданында жаңа туған сәбиін дала дәретханасының шұңқырына тастап жіберген бойжеткенге қатысты сот үкімі шықты.
Сот материалдарынан белгілі болғандай, қыз жүктілігін ағайын-туыстарынан мұқият жасырып келген. Ол медициналық есепте тұрмаған және аяғы ауыр екенін ешкімге білдірмеген. Толғағы келіп, босану процесі үйінде басталған сәтте ол ешкімді көмекке шақырмаған. Іс құжаттарында көрсетілгендей, бойжеткен үйдің сыртындағы дәретханада мерзіміне жетіп туған, толық сау, тірі нәрестені дүниеге әкелген.
Алайда аналық мейірімі оянбаған ол жаңа туған сәбиді тірідей лақтырып жіберген. Артынша қылмыс іздерін жасыру үшін нәрестенің үстіне топырақ пен құм сеуіп тастаған. Салдарынан дәрменсіз сәби орнында қаза тапқан.
Қылмыстық іс сотта қаралып жатқан кезде айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Сот оның жасаған әрекеті мен істің мән-жайын жан-жақты таразылап, айыпталушыға екі жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.


