
Токиода Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшілігі мен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының ұйымдастыруымен Қазақ киносының күндері ашылды.
Ұлы Дала тарихы, көшпелі өркениеттің мәдени мұрасы және ұлттық дәстүрлер туралы қазақстандық фильмдерді көрсету Қазақстан мен Жапония халықтары арасындағы мәдени диалогты нығайтуға бағытталған.
Фестивальдің бірінші күні көрермендерге XV ғасырда қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы туралы баяндайтын «Қазақ хандығы. Алмаз қылыш» тарихи фильмі ұсынылды.
Іс-шараны ашу салтанатында ҚР-ның Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев жапон қоғамын қазақ киносымен таныстыра отырып, біз Қазақстанның көркемдік әлемін ашып ғана қоймай, өзара түсіністікті нығайтатын рухани құндылықтарды да түсіндіреміз деп мәлімдеді.
Сондай-ақ, жапон аудиториясына ұлттық тарих пен музыкалық дәстүрлерді бейнелейтін кинотаспалар, соның ішінде режиссер Ақан Сатаевтың «Ұлы Дала таңы» тарихи фильмі және режиссер А.Сахаманның «Дос-Мұқасан» атақты музыкалық ансамблі туралы көркем өмірбаяндық драмасы ұсынылады.
Іс-шара ұлттық мәдениетті насихаттауға және көрермендерді заманауи қазақстандық кинематографтың үлгілерімен таныстыруға бағытталған Қазақстанның мәдени дипломатиясының бір бөлігіне айналды.
Дереккөз: ҚР СІМ баспасөз қызметі


