
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында машина жасау саласындағы инновацияларды дамыту шеңберінде өндірісті роботтандыру басымдықтардың бірі саналатынын мәлімдеді.
Министр қазіргі уақытта елде өнеркәсіптік роботтардың тығыздығы 10 мың жұмысшыға шаққанда 10 бірлікті құрайтынын, бұл әлемдік жетекші елдердің (400-800 бірлік) көрсеткіштерінен едәуір төмен екенін жеткізді.
«Роботтандыруды дамыту және өндірістегі мамандар тапшылығын азайту мақсатында кәсіпорынды басқарудың автоматтандырылған жүйесін, деректерді талдауды, жасанды интеллект элементтерін және цифрлық платформаларды, сондай-ақ өнеркәсіптік роботтар мен машиналық көру жүйелерін қоса алғанда, цифрлық шешімдерді енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 300-ден астам робот орнатылды, оның ішінде FANUC және ABB сынды компаниялардың өнімдері бар», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Министр мысал ретінде 68 робот орнатылған KIA Qazaqstan зауытын және 54 робот пайдаланылатын Astana Motors кәсіпорнын атады. Сондай-ақ Ерсайын Нағаспаев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп «Digital Kazakhstan» жалпыұлттық стратегиясы аясында экономика салаларын роботтандыру бойынша жобалық кеңсе құру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Дереккөз: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі


