Дәурен Абаев Жамбыл облысы тұрғындарының сұрақтарына жауап берді

ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев он үш өңірде халықпен кездесулер өткізді. Жамбыл облысындағы екі сағаттық диалог барысында азаматтар жалақы мәселесі, спорттағы резерв жүйесі, кино саласы, еліміздегі спорт, мәдениет, туризмнің дамуына қатысты сұрақтар көтерді. Көпшілік шығармашылық және спорт үйірмелерінің жұмысы туралы сауалдарды да қойды. Министр ARTSPORT бағдарламасы 2023 жылы да жұмысын жалғастыратынын айтты. Сондай-ақ, азаматтар жаттықтырушылар мен төрешілердің еңбекақысы, чемпиондарға тиесілі төлемдердің көтерілгені үшін алғыс айтты.

«Сан ғасырлық тарихы бар, тұғырлы тұлғаның талайына киелі бесік болған көне Тараз шаһарында сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Мәдениетімізді мыңжылдықтарға жалғаған бұл өңір – біз үшін қашанда қастерлі. Осы жылдың сәуір айынан бастап өңірлерде кездесулер өткізіп келеміз. Маңызды мәселелер талқыланып, ұсыныс-тілектер де айтылып жатыр», – деп атап өтті Дәурен Абаев.

Инфрақұрылым мәселелері де талқыланды. Биыл елімізде 114 жаңа нысанның құрылысы, 21 ірі спорт нысандарын қайта жөндеу жұмыстары басталды. Осы бағыт аясында Жамбыл облысында 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Сондай-ақ Дәурен Абаев шетелдік фильмдерді қазақ тіліне дубляждау мәселесіне де тоқталды.

«Біз фильмдерді дубляждау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Сіздер білесіздер, «Аватар» және «Қара пантера: Ваканда жасасын!» фильмдері қазақ тіліне дубляждалды. Ал, жыл соңына дейін «Аватар. Су жолы» аударылып қазақ тіліне дыбысталатын болады. Бұл жұмысты жүзеге асыру үшін жыл сайын 300 дубляж актері еңбек етуде. Бүгінде қазақ тілі дубляждағы екінші түркі тілі ретінде дараланып, Blu-Ray-да көруге болатын Голливуд фильмдерінің негізгі жеті тіліне енді», – деді министр.

Айта кетейік, халықпен кездесу аясында БАҚ өкілдері үшін брифинг және азаматтарды жеке қабылдау өтті.

ҚР МСМ Баспасөз қызметі

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар