Варшавада Алматыға жаңа тікелей рейстің тұсаукесері өтті

Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Фредерик Шопен атындағы халықаралық әуежайда Польшаның LOT Polish Airlines әуекомпаниясы жүзеге асыратын Варшава – Алматы – Варшава бағыты бойынша жаңа тікелей әуе рейсінің ресми тұсаукесері өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Варшавадағы Елшілігі, мемлекеттік органдар, іскер топтардың және туристік саланың өкілдері, сондай-ақ LOT әуекомпаниясының басшылығы қатысты.

Тұсаукесер барысында сөз сөйлеген Қазақстанның Польшадағы Елшілігінің өкілі жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Польша арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолындағы маңызды қадам болатынын атап өтті. Тікелей әуе қатынасының іске қосылуы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және туристік байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ екі ел азаматтары арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосымша мүмкіндік береді.

LOT әуекомпаниясының 2017 жылдан бері Астана мен Варшава арасында тікелей рейстерді табысты орындап келе жатқаны және Қазақстан мен Польша арасындағы тұрақты әуе қатынасын қамтамасыз етіп отырғаны атап өтілді. Қазақстанның ең ірі қаржы, мәдени және туристік орталығы болып саналатын Алматы қаласына жаңа рейстің ашылуы Орталық Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарын дамытудағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Сонымен қатар, жаңа бағыттың іске қосылуы Қазақстанның халықаралық көлік байланыстарын дамытуға және еліміздің Еуразия кеңістігіндегі жетекші авиациялық әрі транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайту жөніндегі стратегиялық бағытына да толық сәйкес келеді.

Іс-шараға қатысушылар жаңа бағыт жолаушылар ағынының артуына, іскерлік және туристік алмасулардың жандануына, сондай-ақ Қазақстан мен Польша арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.

Варшава – Алматы бағыты бойынша рейстер Boeing 737 MAX 8 әуе кемелерімен аптасына төрт рет орындалатын болады.

Дереккөз: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар