
Бүгіннен бастап Иран порттарынан шыққан немесе кіретін барлық кеме тоқтатылады. Президент Дональд Трамп кеше АҚШ теңіз күштеріне осындай тапсырма берді. Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
«Бұл Иранның мұнай экспортын шектейді», – дейді Ақ үй басшысы. Соғысқа қарамастан, Ислам Республикасы қара алтын саудасын тоқтатқан емес. Ал бұл кезде энергетикалық шикізат қымбаттап, экспорттық табыс артты.
Президент Трамп бұл операцияға одақтастары қосылуы мүмкін екенін жеткізді. Алайда Ұлыбритания «блокадаға қатыспаймыз» деп мәлімдеді. Тұманды Альбион бұғаздың қайта ашылуы үшін бөлек операция жүргізуге ниетті.
Кеше Пәкістан астанасы Исламабадта бас қосқан АҚШ пен Иран делегаттары келісімге келе алмады. «Рейтердің» хабарлауынша, келіссөз 21 сағаттан астам уақытқа созылған. Бірақ нәтиже жоқ.
Дереккөз: 24.kz


