Атыраулық жас өнерпаздар Парижде бас жүлдені жеңіп алды

Фото: atr.kz

«Атырау облысының жас өнерпаздары халықаралық деңгейде жоғары жетістікке жетіп, қазақ өнерінің мерейін асқақтатты»,-деп хабарлайды atr.kz.

Былтыр мамыр айында Түркістан қаласында «Атадан Мұра» қоры ұйымдастырған «Дарабоз» байқауында бас жүлдені иеленген өнерпаздар Алматы қаласында өткен суперфиналға жолдама алған болатын. Тамыз айындағы суперфиналда ерекше жүлдеге қол жеткізіп, шетелде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.
Жинақталған тәжірибе мен үздіксіз дайындықтың нәтижесінде олар жуырда Франция астанасы Парижде өткен халықаралық өнер байқауында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Қазақтың ұлттық аспабы — домбыраны күмбірлетіп, ел намысын абыроймен қорғады.
Өнерпаздар Махамбет Өтемісұлының «Ей, Махамбет, жолдасым!» шығармасын терме жанрында орындап, «Қазақ елі жасасын!» әнін шырқап, көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Жеңімпаздар – Исатай ауданы, Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің терме сыныбының оқушылары. Бұл жетістік олардың жетекшісі Әсем Жолдасқызының еңбегі мен кәсіби шеберлігінің нәтижесі екендігі даусыз.
Өнер сапары Парижбен шектелмей, Стамбул әуежайында да жалғасып, шетелдік көрермендердің қызығушылығын тудырды. Бұл қазақ өнеріне деген құрметтің арта түскенін аңғартты.
Осынау жетістік ұлттық өнердің дамуына қосылған елеулі үлес әрі жас ұрпақтың рухани тәрбиесінің жарқын көрінісі.

Дереккөз: atr.kz

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp