
Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес отандық дәрілік заттар өндірісінің үлесін арттыруға бағытталған жобаларды іске асыру жалғасуда.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Алматы облысындағы «Алатау» арнайы экономикалық аймағы аумағында толық циклді биофармацевтикалық кешен салу бойынша «Steppe pharmaceuticals» ЖШС-мен инвестициялар туралы келісімге қол қойды.
Аталған жобаға тартылатын жеке инвестициялардың жалпы көлемі 32,5 млрд теңгені құрайды. Жаңа өндіріс жоғары технологиялық өндірістік қуаттарды жергіліктендіруге және дамытуға бағытталған.
Фармацевтикалық зауыт 20 атаудағы дәрілік заттарды шығаруды жоспарлап отыр. Олардың қатарында онкологиялық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған препараттар, сондай-ақ заманауи иммунобиологиялық құралдар бар.
Кәсіпорынды іске қосу 2031 жылға, жобалық қуатқа шығу 2032 жылға жоспарланған, ал негізгі бағыттар бойынша толық циклге көшу 2034 жылға белгіленген.
Дәрілік заттарды шығару және сертификаттаумен қатар, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, биоэквиваленттілік зерттеулерін жүргізуді, тіркеу досьесін дайындауды және GMP халықаралық стандарттарын енгізуді қамтитын жеке R&D бағытын дамыту да көзделген.
Сонымен қатар, кешен базасында қазақстандық мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жүйесі құрылатын болады.
Жобаны іске асыру елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға және Алматы облысында шамамен 60 жаңа жұмыс орнын құра отырып, заманауи фармацевтикалық өндірістік инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Алматы облысында кешен салу импортқа тәуелділікті төмендетіп, қазақстандықтарды сапалы әрі өмірлік мәні бар дәрілік заттармен қамтамасыз етуге жол ашады.
Жалпы, бүгінде елімізде фармацевтика өнеркәсібі саласында 8 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Соңғы екі жылдың ішінде фармацевтика саласы оң динамика көрсетіп келеді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша отандық фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 8,7%-ға артты. Салаға тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 390 млрд теңгеден асты.
Аталған жобаларды іске асыру Ресей, Қытай, Польша және басқа да елдердің ірі фармацевтикалық компанияларымен стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастықты көздейді.
Дереккөз: ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі


