Алимент өндіру – қоғамдағы ауыр мәселенің бірі

Еліміздегі жауапкершіліксіз жұптардың арасында ажырасу көп болғандықтан, борышкерлер қатары да жыл санап күрт артып келеді. Бүгінгі таңда соның салдарынан статистикалық мәліметтерге қарағанда, алимент өндіру жөніндегі шыққан әрбір төртінші сот шешімінің орындалуы өте күрделі болып саналады. Туған баласынан безген «безбүйрек» әкелердің балаларын жастайынан «тірі жетім» атандырып, өз қанынан жаралған ұрпағына қатыгездік жасауы көңілге қаяу салмай қоймайды. Осындай қоғамдық ауыр мәселеден балалар зардап шегеді.


Сот тәжирибесінде алимент өндіру туралы істер қарапайым санаттағы істер қатарына жатқанымен соттар тарапынан ешқандай қиындықсыз шығарылатын алимент өндіру туралы бұйрығы орындалмай көп жағдайда балалар материалдық қолдаусыз қалып, аналар тарапынан наразылық туындап, мемлекеттік орындардың атқарған жұмыстары жоққа шығып жататын жағдайлар бүгіндері көптеп кездеседі. Иә, алимент өндіріп алу қоғамдағы ауыр да өзекті мәселе. Оның басты себебі борышкердің шынайы табысын анықтаудың нақты құқықтық механизимінің жоқтығында болып отыр.
Осы жағдайдың барлығы жастарымыздың отбасын құрып, отау тіккенде өздеріне жүктелетін жауапкершілікке немқұрайды қарап, жауапкершіліктен бастарын алып қашуы себептерінен туындайды. Қанша заң негізіндегі шаралар мемлекет тарапынан қолданылғанымен адамның бойында перзентке деген адами парызы-жауапкершілігі дамымаған тұлғадан адами қатынасты күтуге болмайды. Отбасында бала тәрбиелеуде баланың бойына отбасына қатысты құндылықтар мен жауапкершілікті сіңіріп тәрбиелемегендіктен қоғамда осындай алимент төлеуден бас тартқан борышкерлер көптеп кездесіп отыр. Осы ретте айта кету керек, отбасының құндылығын қорғау тәрбиеден бастау алады. Дегенмен, аядай отбасын қорғай алмай, өз баласын бағу үшін алимент төлеуден жалтарған ер азаматтан Отанын қорғайтын азаматтық күтудің өзі өте қиын…
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 136-бабының негізінде алимент өндіру туралы арыз жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында беріледі. Арыздың мазмұнына тоқталып өтетін болсақ, онда арыз берілген соттың атауы, өндіріп алушының атауы, оның туған күні, тұрғылықты жері немесе орналасқан жері, жеке сәйкестендіру нөмірі, заңды тұлғаның деректемелері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, борышкердің атауы, оның туған күні, тұрғылықты жері немесе орналасқан жері, жеке сәйкестендіру нөмірі (егер ол арыз берушіге белгілі болса), заңды тұлғаның деректемелері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, өндіріп алушының талабы және ол негізделген мән-жайлар, мәлімделген талапты растайтын қоса берілген құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс. Арызға өндіріп алушы немесе қол қоюға немесе арыз беруге өкілеттігі болған кезде оның өкілі қол қояды. Өкіл беретін арызға оның өкілеттігін куәландыратын сенімхат қоса берілуге тиіс.
Арыз берерде арызданушы өзінің жеке куәлігінің көшірмесін, неке қию немесе неке бұзу туралы куәліктің көшірмесін, балаларының туу туралы куәлігінің көшірмелерін, учаскелік дәрігердің балаларға беретін медициналық анықтамаларын қоса тіркейді.

Кудакелди Култанов,

Түркістан облысы, Сарыағаш аумақтық сот орындаушыларының жеке сот орындаушысы

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp