Cargolux Қазақстанға рейстерін қайта бастайды

Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Cargolux Airlines International S.A. компаниясының Президенті Ричард Форсонмен кездесті.

Кездесу барысында әлемдегі ең ірі жүк әуе тасымалдаушыларының бірі – Люксембургтің Cargolux Airlines International S.A. компаниясы Қазақстан нарығына қайта оралып, ағымдағы жылы 1 маусымнан бастап Астана халықаралық әуежайы арқылы аптасына 14 рейске дейін орындауды жоспарлап отырғаны расталды.

Жоба көлік байланысын дамытуға, жүк айналымын ұлғайтуға және Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы Орта дәліздегі рөлін нығайтуға бағытталған.

Халықаралық жүк әуе қатынасын дамыту Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің транзиттік әлеуетін күшейту, көлік саласын дамыту және Қазақстанды Еуразияның негізгі логистикалық хабы ретінде қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес келеді.

Елші Cargolux компаниясының қайта оралуы Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы маңызды логистикалық және авиациялық хаб ретіндегі тартымдылығының артып келе жатқанын растайтынын атап өтті.

Cargolux компаниясының Президенті және Бас атқарушы директоры Ричард Форсон: «Қазақстан өзінің транзиттік-көлік әлеуетін нығайтуға қомақты инвестиция салды. Cargolux Азия мен Еуропа арасындағы көлік бағыттарын дамытуға әрі Орта дәліз бойындағы маңызды серіктес ретінде Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі», – деп атап өтті.

Cargolux Airlines International S.A. – Люксембургтің ең ірі жүк әуе компаниясы және Еуропадағы жетекші жүк тасымалдаушылардың бірі. Компания 1970 жылы құрылған, штаб-пәтері Люксембургте орналасқан. Компания Еуропа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка және Таяу Шығыс бағыттары бойынша 90-нан астам бағытқа тұрақты және чартерлік жүк рейстерін орындайды.

Әуе компаниясының флоты негізінен бір рейсте 130 тоннадан астам жүк тасымалдауға қабілетті заманауи Boeing 747 Freighter жүк ұшақтарынан тұрады. Қазіргі уақытта компания Boeing 747 ұшақтарының түрлі модификациясындағы 30 жүк әуе кемесін пайдаланады және әлемнің 50-ден астам елінде 85-тен астам өкілдігі бар. Cargolux Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Airlines for Europe (A4E) еуропалық авиациялық қауымдастығының мүшесі болып табылады.

Дереккөз: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар