«AMANAT»: ТҰРҒЫНДАРДЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ АЛАҢДАТАДЫ

«AMANAT» партиясы Бәйдібек аудандық филиалында Түркістан облыстық мәслихат депутаты Ғабиден Қапалбаев, аудан әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызалиев, аудандық мәслихат депутаттары Абылай Жақыпов, Сылқынбек Спабеков және аудандық бөлім басшылары Б.Бақтайбеков пен М.Енжанов кезекті қоғамдық қабылдауын өткізді. Қабылдау барысында Шаян ауылы, Боралдай, Жиенқұм, Мыңбұлақ елді мекендерінің тұрғындары өз өтініштерін білдірді. Мыңбұлақ ауылының тұрғыны Г.Абдулаева ауылды жерлерде шаштараз және тігін шеберханаларын ашу үшін грант алуға кеңес сұрады. Аудан әкімінің орынбасары Б.Қырғызалиев аталған мәселені өз бақылауына алды. Боралдай ауылы тұрғыны, ІІ-топтағы мүгедек Ә.Мәдібеков тұрғын үй кезегіне тұрғанымен, әлі баспанаға қол жеткізбеген.Аудандық мәслихат депутаты А.Жақыпов азаматтың тұрғын үй бойынша мәселесін назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді.

Сондай-ақ партияның Ордабасы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Ордабасы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлім басшысының орынбасары Асқар Балабиев азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініші мен талап-тілектерін тыңдады. Қабылдауға келген 3 азамат асфальт төсеу, көше жарықтандыру және аяқ жол салу бойынша өтініштерін білдірді.

Мәселен, Қажымұқан ауыл округі Көктөбе ауылының тұрғыны Т.Ибрагим Балбұлақ және Бәйтерек көшелеріне асфальт жабындысы қажет екендігін көтерді.  Асқар Алмасханұлы  жергілікті бюджет есебінен аталған көшелерге жақын арада орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін және биыл қараша айына дейін аяқталатынын жеткізді. Жауапты басшылар келіп түскен өзге де өтініштердің оң шешімін табу үшін Заң шеңберінде тиісті шаралар атқаратындығын айтты.

 «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі 

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар