
Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыс әлемдік экономикаға ғана емес, аймақ экологиясына да орасан зор зардап ә»келуде. Greenpeace ұйымының дерегінше, соғыс басталғалы бері Парсы шығанағы, Ормуз бұғазы мен Араб теңізінде 148 кеме шабуылға ұшырап, мұнай төгілген 609 ошақ тіркелген. Мұнай дақтары жайылған аумақ көлемі қазірдің өзінде шамамен 21 мың шаршы шақырымға жетті.
Бұл жағдай аймақ тұрғындарының ауыз сумен қамтылуына да тікелей қауіп төндіріп тұр. Парсы шығанағы елдері негізінен теңіз суын тұщыландыратын зауыттарға тәуелді.
Мамандардың айтуынша, төгілген мұнай үш күнге жетпей су және энергетика инфрақұрылымын зақымдап, зауыттардың жұмысын апталап тоқтатып тастауы мүмкін. Әсіресе БАӘ мен Қатар жағалауларында қауіп жоғары.
Соғыстың экологиялық салдарына әлем назарын аудару үшін БҰҰ мұхиттарды қорғау жөніндегі қамқоршысы, британиялық жүзуші Льюис Пью Ормуз бұғазында үш күнде 15 шақырымды жүзіп өтті. Сапар барысында оның көз алдында мұнай танкері мен газ тиеген кеме жарылып, теңіз беті отқа оранған. Спортшының айтуынша, жарылыстар мен мұнайдың ластануынан сирек кездесетін дюгоньдар, Араб өркешті киттері, маржан рифтері мен мангр ормандары жойылып кету алдында тұр.
Дереккөз: 24kz


