Елімізде инвестиция көлемі шамамен 333 млрд теңге болатын цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда

Фото: Primeminister.kz

Астанада қуаты 100 МВт болатын AKASHI деректерді өңдеу орталықтары кампусының құрылысы жалғасуда. Жоба жалпы инвестиция көлемі шамамен 333 млрд теңгені құрайтын цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Freedom Cloud Holding компаниясының бас атқарушы директоры Аслан Жүсіпов мәлімдеді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда жеті дата-орталық жұмыс істейді, тағы үш нысанның құрылысы жүргізілуде. Талшықты-оптикалық байланыс желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 15 мың шақырымды құрайды.

«Жобаларымыздың ішінде Астанадағы AKASHI кампусының орны ерекше. Бұл – жобасы бойынша Tier IV деңгейіндегі, сенімділігі ең жоғары санаттағы деректер орталығы, Орталық Азиядағы алғашқы әрі жалғыз нысан. Жоба қазірдің өзінде жүзеге асырылуда: бірінші корпустың дайындығы – 81%, ол 2027 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады деп күтілуде»,

— деді Аслан Жүсіпов.

Премьер-министр мұндай жобаларға мемлекет тарапынан, соның ішінде «Бәйтерек» холдингі арқылы қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті. Цифрлық инфрақұрылым саласындағы жобаларды уақтылы жүзеге асыру қажеттігіне назар аударылды. Үкімет жетекшісі жобалардың белгіленген мерзімде орындалуын ғана емес, бөлінген қаражаттың да уақтылы қайтарылуын қамтамасыз етуді тапсырды. 

Tier IV – деректер орталықтарының сенімділік деңгейін айқындайтын ең жоғары халықаралық стандарт. Ол апаттық жағдайлар мен техникалық қызмет көрсету кезінде де сервистердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

📱Дереккөз: @KZgovernment

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар