
Барлық мемлекеттік органдар отандық фармацевтика өнеркәсібін дамытуға белсенді түрде қолдау көрсетуге тиіс – Олжас Бектенов
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту, жаңа өндірістерді уақтылы іске қосуды қамтамасыз ету және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу тиімділігін арттыру бойынша бірқатар міндет қойды. Инвесторлардың міндеттемелерінің орындалуына, қойма инфрақұрылымын дамыту және медициналық өнімдерді орталықтандырылған сатып алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Денсаулық сақтау министрлігіне келісімдерде белгіленген мерзімдерге сәйкес инвесторлардың міндеттемелерінің орындалуына, оның ішінде инвестициялар салу, өндірістік қуаттарды іске қосу және медициналық бұйымдар мен дәрілік заттарды шығару барысына тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды.
Өңір әкімдіктеріне Денсаулық сақтау министрлігімен бірге әрбір инвестициялық жобаға қолдау көрсетіп, жер және инфрақұрылым мәселелерін уақтылы шешуді, сондай-ақ жұмыс кестелерінің сақталуын бақылауды қамтамасыз ету.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тарату үшін бірыңғай дистрибьютордың қоймаларын салу жобаларын жандандыруға қолдау көрсету тапсырылды.
Бюджет шығындарын азайту және Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізімге сәйкес өңірлерде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде ашықтықты арттыру мақсатында әкімдіктерге олардың тек «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьютордан сатып алынуын қамтамасыз ету міндеті қойылды.
«Барлық мемлекеттік органдар отандық фармацевтика өнеркәсібін дамытуға белсенді түрде қолдау көрсетуге тиіс. Орталықтың деңгейінде шешімді талап ететін мәселелер бойынша нақты ұсыныстарды жедел енгізу қажет»,
— деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.
Дереккөз: @KZgovernment


