
Астанада PTC Holding басшылығы Қытайдағы Сюйчжоу қаласының мэрі Шэнь Цзюньфэн бастап келген делегациямен кездесті. Келіссөздің басты нәтижесі ретінде PTC Holding пен «International Freight Trains in Xuzhou» компаниясы арасындағы стратегиялық ынтымақтастық келісіміне қол қойылғанын атап өтуге болады.
Келісім халықаралық теміржол тасымалын дамытуға, Қытайдан қосымша жүк ағынын тартуға және Қазақстан мен Орталық Азия арқылы өтетін бағыттарда логистикалық сервистерді кеңейтуге жол ашады.
Сюйчжоу – Қытайдың шығысындағы Цзянсу провинциясының ірі өнеркәсіптік әрі транзиттік орталығы. Халқының саны 9 миллионға жуықтайтын қалада машина жасау, құрылыс және арнайы техника, өнеркәсіптік жабдықтар шығаратын өндіріс орындары шоғырланған. Қала Қытайдың теміржол логистикасында маңызды орынға ие: осы жерден халықаралық жүк пойыздары Орталық Азияға, Ресейге және Еуропаға жөнелтіледі.
Дереккөз: t.me/atamekenbusiness_qaz


