
Жантүршігерлік жайт 6 қазан күні Астанада тұрғын үйдің автотұрағында болған. Бірден 5 көлік өртеніп, бір адам ауыр жарақат алған.
Жәбірленушінің әпкесінің сөзінше, өрт алдымен бір көліктен шыққан. Ол көп ұзамай Hyundai Elantra көлігіне де тараған. Сол маңда әлі өрт түспеген Lada Priora көлігі де тұрған. Жәбірленуші оны қауіпсіз жерге айдап әкетпек болған. Десе де қою түтін мен жалын салдарынан байқамай басқа көлікке соқтығысқан. Ол өрт ортасында қалып, сыртқа әрең шыққан. Киімі мен аяқ киімі түгел жанып кеткен.
Жәбірленушінің отбасы іс жабылып қалмай, кінәлілерді жазалауды сұрап отыр.
Зардап шеккен адам қазір жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр, бірақ тұрақты.
Ал полиция тексеріс жүргізіп жатыр. Олардың айтуынша, өрттің шығуына электр сымдарының тұйықталуы себеп болған. Өрт кезінде төрт көлік толық жанып кеткен. Ал тағы бір көлік ішінара зақымдалған.
Дереккөз: t.me/stankznews


