
25 қыркүйек күні сағат 8:45-те Орал қаласының әуежайына Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан батысқазақстандық әскери қызметшілер Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилаждың денесі арнайы рейспен жеткізілді. БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салу және жерлеу рәсімдері 26 қыркүйек күні өтеді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаза тапқандардың отбасыларына жергілікті атқарушы органдар тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, бұл іске бизнес өкілдері де атсалысады. Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Аталған жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында, — делінген ресми мәліметте.
Дереккөз: @qazaqparat_kz


