
Қазақстандағы маңызды әлеуметтік кепілдіктердің бірі – қымбат тұратын шұғыл медициналық көмек көрсету қызметтері. Мемлекеттің есебінен санитариялық авиация борттарымен ауыр жағдайдағы пациенттер шалғай аудандардан мамандандырылған клиникаларға жеткізіледі немесе медициналық көрсетілімдер болған жағдайда шетелде зардап шеккен азаматтар елге эвакуацияланады.
Медициналық авиация тек пациенттерді тасымалдауды ғана емес, сонымен қатар жол бойында медициналық көмек көрсетуді, бейінді мамандарды пациенттің орналасқан жеріне жеткізуді және қажет болған жағдайда операцияларды тікелей пациент тұрған жерде жүргізуді қамтамасыз етеді.
Қазақстан азаматтарының өмірін сақтап қалу мақсатында жыл сайын 2 мыңға дейін ұшу орындалады. 2026 жылдың сегіз айында медициналық авиация 1 495 рет ұшып, 1 543 пациентті тасымалдады. Сонымен қатар дәрігерлер қашықтан 4 703 консультация өткізді.
Егер азамат шетелдік клиникада ауыр жағдайда болып, медициналық көрсетілімдерге байланысты елге тұрақты әуе рейсімен орала алмаса, оны медициналық сүйемелдеумен арнайы әуе көлігі арқылы Қазақстан клиникасына жеткізу ұйымдастырылуы мүмкін.
2025 жылы осындай 9 халықаралық ұшу Түркиядан, Германиядан, Оңтүстік Кореядан, Вьетнамнан, Қырғызстаннан және Мысырдан жүзеге асырылды.
2026 жылдың сегіз айында Албаниядан, Италиядан, Түркиядан, Қытайдан, Таиландтан, Ресейден және Өзбекстаннан тағы 9 халықаралық ұшу орындалды.
Санитариялық авиацияның жұмысын Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы үйлестіреді. Жүйе қажетті клиникаға дейінгі қашықтыққа қарамастан, пациенттерге шұғыл медициналық көмек көрсетуді және оларды тасымалдауды қамтамасыз етеді.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі


