
1 қазаннан бастап жұмыссыз ретінде тіркелу тәртібі өзгереді. Еңбек министрлігі жаңа жүйені әзірге пилоттық жоба ретінде енгізбек. Қазір азаматқа жұмыссыз мәртебесін беру үшін 2 күн ішінде жұмыс ұсынылады. Жаңа тәртіп бойынша бұл мерзім 13 күнге дейін ұзарады.
Осы уақыт ішінде мансап орталығының мамандары азаматтың:
- еңбек тәжірибесін;
- кәсіби дағдыларын;
- қандай жұмыс қажет екенін анықтайды.
Содан кейін оған сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады. Қажет болса, мамандар жұмыс берушілермен тікелей байланысады. Демек жаңа жүйеде адамды бірден «жұмыссыз» деп тіркей салмай, алдымен оған лайық жұмыс табуға тырысады. Мансап орталығы мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мамандары да осы жаңа тәртіп бойынша арнайы оқудан өтеді. Министрлік бұл жүйені пилоттық жоба кезінде сынап, анықталған кемшіліктерді түзетпек.
Дереккөз: t.me/stankznews


