
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан мен Қырғызстан жеңісті бөлісе алмай қалды. Себебі алтын медаль саны әртүрлі есептелген.
Біздің елдің спорт министрлігі өз құрамасын жеңімпаз деп таныды. Олардың мәліметінше, қазақ спортшылары 74 медаль жеңіп алған: 32 алтын, 20 күміс және 22 қола. Ал 30 алтын медаль алған Қырғызстан екінші, жеті алтынмен Ресей үшінші орынға жайғасқан.
Десе де Қырғызстан тарапы медаль есебін басқаша жүргізген. Көшпенділер ойынының ресми парақшасында жарияланған кестеде Қырғызстан 30 алтынмен бірінші, ал Қазақстан 29 алтынмен екінші орында тұр. Кейін бұл талқыға түсіп, ол Instagram парақшадан екі рет өшірілді.
Қазақстанның спорт министрлігі 32 алтын дұрыс нәтиже екенін айтып отыр.
Ал Қырғызстанның Спорт министрлігі көшпенділер ойынында ресми медаль және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейтінін айтты. Олардың мәліметінше, Ойындар мемлекеттердің жалпы рейтингтегі орын үшін бәсекесіне емес, дәстүрлі спорт пен мәдени байланысты дамытуға бағытталған.
Дереккөз: t.me/stankznews


