
Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Әзербайжан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Иса Габиббейлимен кездесті.
Тараптар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ түркі әлемі аясындағы өзара іс-қимылды талқылады. И. Габиббейли Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясымен ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін білдірді.
Кездесу барысында А. Байел биыл мамыр айында өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум туралы айтып, оған қатысқан әзербайжандық ғалымдарға алғысын білдірді.
Осы тақырыпты жалғастыра отырып, Елші Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясына Дала өркениетін зерттеу жөніндегі халықаралық ғылыми консорциумның тең құрылтайшысы болуға шақыруды жеткізді.
И. Габиббейли бастаманың уақтылы әрі тарихи маңыздылығын жоғары бағалап, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының халықаралық консорциумға қосылып, оның қызметіне белсенді қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
Консорциумның стратегиялық мақсаты – Еуразиядағы мемлекеттіліктің, дипломатияның, құқықтың, сондай-ақ экономикалық, мәдениетаралық және тілдік өзара іс-қимылдың дамуының маңызды элементі ретінде дала өркениетінің тарихын, зияткерлік және рухани дәстүрлерін зерделеу бойынша халықаралық зерттеу платформасын қалыптастыру.
Дереккөз: ҚР СІМ баспасөз қызметі


