
Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде дәстүрге сай айрықша ықыласпен қарсы алғаны және бейресми кездесуді өткізу туралы бастама көтергені үшін Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа шынайы ризашылығын білдірді.
Қырғыз халқы – қазақ халқы үшін бауырлас ел. Біз бәріміз – бір туған ағайын халықпыз. Біздің арамызда қалыптасқан достық, сенім, туысқандық және өзара қолдау – ата-бабамыздан өсиет болып қалған қасиетті аманат әрі мәңгі құндылық. Қазіргі таңда біз Қырғызстанның қарқынды дамуына куә болып отырмыз. Сіздер қол жеткізіп жатқан әр жетістікке шын жүректен қуанамыз. Қырғыз елінің өсіп-өркендеуі – Орталық Азияның тұрақтылығы мен баянды дамуының маңызды кепілі. Бұл құрметті Президент Садыр Нұрғожаұлы Жапаровтың табанды еңбегі мен көреген басшылығының арқасы екені сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі кездесу қазіргі күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға, сан қырлы серіктестіктің алдағы басымдықтарын айқындауға мол мүмкіндік беретініне тоқталды.

Барлық деңгейдегі байланыстың жандануы бауырлас халықтарымыздың игілігі мен тұтас аймақтың өркендеуі жолында мемлекеттеріміздің жасампаз ықпалдастыққа ортақ ұмтылысын айқын көрсетеді. Бұл орайда «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа» қол қою рәсімдерінің аяқталуы айтулы жетістік болды. Аталған тарихи құжат стратегиялық серіктестігіміздегі жаңа кезеңнің басталғанын айшықтайды. Өзара сенімге, құрметке және бауырлас халықтарымыздың болашағына деген ортақ жауапкершілікке негізделген өңірлік ынтымақтастықтың «саяси арқауын» қалыптастырады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы осы маңызды Шартқа қосылғаны үшін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтты.
Келесі кезең аталған құжат ережелерін нақты іске асыру болуға тиіс деп санаймын. Осыған байланысты достық пен тату көршілікті одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты бекемдеуге бағытталған ұзақмерзімді өзара ықпалдастығымыздың анық бағдарлары көрсетілген іс-шаралар жоспарын әзірлеуді және қабылдауды ұсынамын. Өзара сенімнің нығаюы мен өңірлік ынтымақтастықтың қарқынды дамуының арқасында Орталық Азия жаңа тарихындағы аса табысты кезеңді бастан өткеріп жатыр деп нық сеніммен айтуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Әзербайжанның Консультативті кездесулердің толық мүшесі болуы бұл форматты нығайтудағы оң эволюцияның жаңа деңгейін көрсететінін мәлімдеді.
Бірлескен күш-жігеріміз арқылы саяси диалогты одан әрі тереңдетуге, инвестиция, энергетика, өнеркәсіп салаларындағы қарым-қатынасты жандандыруға, бірыңғай көлік-логистика жүйесін қалыптастыруға қолайлы жағдай жасалуда. Соңғы жылдары өңірішілік сауда ұдайы өсіп, іскерлік байланыс кеңейе түсті. Бірлескен кәсіпорындар құрылып, ортақ инвестициялық жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар гуманитарлық қарым-қатынас жандана түсті. Мәдениет, білім салаларындағы, жастар арасындағы ықпалдастықтың мазмұны байып келеді. Осы оң нәтижелердің барлығы бауырлас халықтарымызды одан әрі жақындатуға, және аймақтың беделін нығайтуға ықпал етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Дереккөз: t.me/aqorda_resmi


