Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдай ушыға түсуде

Фото: Ашық ақпарат көздерінен

Иран Ормуз бұғазы арқылы өтіп бара жатқан БАӘ-нің екі мұнай танкеріне соққы жасады. Салдарынан экипаждың бір мүшесі қаза тауып, тағы сегіз адам жарақат алды. Шабуыл Оманның аумақтық суларында болды. Тегеранның мәлімдеуінше, танкерлер бұғаздан өту ережелерін бұзып, сәйкестендіру жүйелерін өшіріп жүрген.

АҚШ Ирандағы нысандарға жаңа соққылар жасағанын хабарлап, операцияның мақсаты Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Иран Кувейттегі америкалық әскери базаларға шабуыл жасап, АҚШ-тың екі ұшқышсыз ұшу аппаратын жойғанын хабарлады.

Шиеленістің күшеюі аясында БҰҰ-ның Халықаралық теңіз ұйымы Дональд Трамптың Ормуз бұғазы арқылы өтетін жүктердің құнының 20%-ын алым ретінде енгізу туралы мәлімдемесінен кейін мұндай төлемге қарсы шықты. Ұйым халықаралық құқық бұғаз арқылы еркін әрі кемсітусіз транзитті қамтамасыз ететінін атап өтті.

Сонымен қатар, Трамп Иранға қарсы теңіз қоршауын қайта енгізетінін жариялады. Алайда Тегеранда стратегиялық маңызы бар су жолына бақылау Иранның қолында қала беретінін мәлімдеді.

Дереккөз: 24kz

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар