АҚШ-тың шектеулері Кубаның энергетикалық дағдарысын күшейтіп, ұлттық электр желісі істен шықты

Фото: Ашық ақпарат көздерінен

Кубада ұлттық электр желісі осы аптада екінші рет толық істен шығып, аралдағы миллиондаған тұрғын жарықсыз қалды. Энергетикалық дағдарыстың басты себебі жанармай тапшылығы мен АҚШ-тың ұзақ жылдар бойы енгізген санкция салдары.

Бірақ Вашингтон бұл жағдай ел экономикасын тиімсіз басқарған соң болды деп санайды. Кубаның Энергетика министрі Висенте де ла О Леви ұлттық электр жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, жағдайдың күрделі екенін мәлімдеді.

Бұған дейін өткен дүйсенбі күні де бүкіл ел бойынша жарық сөніп, шамамен 10 миллион тұрғын электр қуатынсыз қалған. Сейсенбіге қарай желінің басым бөлігі қалпына келтірілгенімен, Сантьяго-де-Кубаның бірқатар ауданы жанармай тапшылығына байланысты әлі де жарықсыз отыр.

Электр энергиясының қайта-қайта үзілуі тұрғындардың тұрмысына және кәсіпкерлікке кері әсерін тигізді. Куба үкіметі АҚШ-тың мұнайға қатысты шектеулері мен экономикалық санкциялары ескірген энергетикалық инфрақұрылымды жаңартуға мүмкіндік бермей отырғанын мәлімдейді. Ал АҚШ бұл пікірмен келіспей, дағдарыстың негізгі себебі мемлекеттік басқарудағы кемшіліктер екенін алға тартты.

Энергетикалық дағдарысқа байланысты елде әлеуметтік наразылық та күшейіп келеді.

Дереккөз: t.me/atamekenbusiness_qaz

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp

Танымал жаңалықтар