Түркістан облысында жаңа жол бойындағы сервис кешендері іске қосылуда

Фото: ҚР Көлік министрлігі

Қазақстанда заманауи көлік және жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда. Мемлекет басшысының көлік желісін жаңғырту және елдің транзиттік әлеуетін нығайту туралы тапсырмаларын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жол бойындағы сервис объектілерін салу мен жаңғырту бойынша ауқымды жобаларды іске асыруда. Бұл жұмысқа транзиттік әлеуеті жоғары өңірлерге ерекше назар аударылуда. Олардың қатарында Түркістан облысы да бар.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

Бүгінгі таңда Түркістан облысында жол бойындағы сервистің 105 объектісі жұмыс істейді, оның 86-сы Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Тұтастай алғанда, Қазақстан бойынша 1428 объект жұмыс істеп тұр, бұл ретте олардың 93%-ы белгіленген сапа пен қауіпсіздік стандарттарына сай келеді.

Халықаралық көлік дәліздерін дамытуда Қазақстанды көршілес мемлекеттермен байланыстыратын көлік жүйесінің маңызды буыны болып табылатын Шымкент қаласының айналма жолы ерекше маңызға ие. Бұл бағыт көлік ағындарын тиімді бөлуге және транзиттік тасымалдарды арттыруға ықпал етеді.

Жаңа заманауи нысандардың бірі – Шымкент қаласының айналма жолы бойында орналасқан көпфункционалды жол бойы сервис кешені. Нысан биылғы жылдың мамыр айында пайдалануға берілді. Жобаның инвесторы – «PetroRetail» ЖШС.

Кешен жолаушыларға қызметтердің кең ауқымын ұсынады. Мұнда жеңіл және жүк көліктеріне арналған тұрақ аймақтары, сауда алаңдары, қоғамдық тамақтану пункттері, абаттандырылған санитарлық-гигиеналық тораптар, ана мен бала бөлмесі, намазхана, сондай-ақ жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басқа да сервистер қарастырылған.

Түркістан облысында жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту жалғасуда. Ағымдағы жылдың соңына дейін жеке инвестициялар есебінен жол бойындағы сервистің тағы 5 нысанын салу жоспарлануда. Тұтастай алғанда, ел бойынша 37 жаңа нысанды пайдалануға беру күтіледі.

Көлік министрлігі жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға ықпал ететін жол бойындағы заманауи сервис объектілерін құру бойынша кешенді шаралар қабылдауды жалғастыруда. Бұл инфрақұрылымды дамыту шағын және орта бизнес үшін де жаңа мүмкіндіктер туғызады, экономикалық белсенділікті ынталандырады және Қазақстан өңірлерінің туристік тартымдылығының арттыруға ықпал етеді.

Дереккөз: ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

Достармен бөлісу
Share on facebook
Share on twitter
Share on vk
Share on odnoklassniki
Share on telegram
Share on whatsapp